Теректі ауданына қарасты Богданов ауылдық округі – нағыз еңбекқор адамдар шоғырланған мекен. Округ халқы сүт және ет өнімдерін сатып, түрлі бағытқа несиелер алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Ол жөнінде халық алдындағы есептік кездесуінде округ әкімі Асқар Нұрғалиев айтты. Өткен жылы үш адам «Еңбек» бағдарламасы арқылы грантқа ие болса, оның екеуі атаулы әлеуметтік көмек алатын жандар екендігін атап кеткен дұрыс.
Сонымен қатар, 4 отбасы барлығы 22 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаржыны мал шаруашылығын дамытуға, арнайы техникалар алуға жұмсаған.
Жоғарыда атап көрсеткендей, жергілікті халық ет және сүт сатумен айналысады. Былтыр 99 тонна ет, 996 тонна сүт сатыпты.
Бүгінгі таңда Богданов ауылы бойынша 88 үйге табиғи газ өтсе, Алғабас ауылындағы 8 үй көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Осы жылы барлық әлеуметтік нысандар газға қосылатын болады.
Сонымен бірге 2020 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында округке ауыз су келіп, Богданов ауылының барлық тұрғындарына қосылған.
Есептік кездесуге қатысқан аудан әкімі Арман Өтеғұлов округ әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, еңбек етуге бейім округ халқына алғысын білдірді.
- Богданов ауылдық округін өзге елді мекендерге үлгі етіп отырамын. Өйткені, халық мемлекеттің барлық бағдарламаларын жіті біліп, сол арқылы пайда табуға бейімделіп алған. Ет пен сүтті нағыз бизнеске айналдырып, мал шаруашылығын дамытуды құп көретін сіздерге ризашылығымды жеткізгім келеді, - деді Арман Кәрімұлы.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz