Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бастаған топ Покатилов ауылдық округінде болып, округ әкімі Абзал Хамидің есептік кездесуіне қатысты.
Округте 15 шаруа қожалығы, 22 жеке кәсіпкер тіркелген. Өткен жылы сегіз адам 555 мың 600 теңгеден грант ұтып алып, мал сатып алған.
2020 жылы 47 адам жұмысқа орналасып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны сегізге жеткен.
Былтыр есептік кездесуде көтерілген мәселелер бойынша да сөз қозғады округ әкімі. Мәселен, Покатилов-Жайық бағытындағы жол жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалған . Құны – 972 млн 250 мыңды құрайды. Ағымдағы жылдың І тоқсанында мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін конкурс жарияланбақшы екен. Маусым айында ауылдың Құнанбаев көшесінен Покатилов ЖОББМ дейінгі ауылішілік жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл да өткен жылы көтерілген мәселелердің бірі.
Жиын барысында ауылда бұралқы иттердің көптігі айтылды.
Ауыл тұрғыны Гүлнұр Арыстанова округ әкімінің сайтын жаңарту керектігін қозғаса, Айсұлу Жауылбаева ауылішілік жолдардың әлі де сын көтермейтіндігін тілге тиек қылды. Ал, Покатилов ауылының тағы бір тұрғыны Сәуле Жәрдемғалиқызы жастарға шоғырланар орын керектігін, Покатилов ЖОББМ күрделі жөндеу қажет ететіндігін айтып қалды.
Аудан басшысы Арман Кәрімұлы білім ордасының жағдайы бірінші орында екендігін айтып, мектептің қазіргі ахуалын көзбен көрді.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz