Аптаның бейсенбісінде жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, ел болып еңсерген жетістіктермен қатар алдағы уақытта атқармақ жоспарларымен бөлісуді мақсат тұтқан Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың кезекті есебі Қаракөл ауылдық округінде жалғасты.
Округтегі есепті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Карменов және бөлім басшылары қатысты.
Алдымен тұрғындар алдында есеп берген Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев 2020 жылы атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарларын баяндады.
- Еліміздегі жылдың басында басталған ахуалға байланысты яғни COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында біршама ерікті жастар, ерікті кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына гигиеналық құралдар (антисептик, бір реттік қолғаптар, бетперделер) тегін түрде таратты.
Еріктілердің көмегімен үнпарақтар таратылды. Ақтайсай ауылы жастары аудан орталығының медицина қызметкерлеріне арналған «Ақ халатты абзал жандар ауырмасын!» акциясына белсене қатынасты. 2016 -2017 жылғы мектеп түлектері 2 көпбалалы, 1 аз қамтылған отбасыға азық-түлік апарды.
Пандемия кезінде 5 зейнеткерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға мекен жайлық көмек көрсетілді. Ауыл азаматтарының атсалысуымен 2 ірі қара малы сойылып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға (шектік) ет өнімдері таратылды.
2020 жылғы ауылымызға үлкен көмегі тиген «Ғазим» шаруа қожалығының жетекшісі Арман Хайретденов карантинге байланысты ауылда аз қамтылған 10 отбасыға құны 150 000 теңге көлемінде азық-түлікпен жәрдемдесті, - дейді округ әкімі Эльдар Ниязбекұлы.
Қаракөл ауылдық округі тұрғындары алдында есепті жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев жергілікті халық алдында атқарылған тірліктер мен алдағы жоспарларға кеңінен талдау жасады.
- Пандемияға байланысты еліміз үшін өткен жылы қиын болсада, азаматтардың әлеуметтік жағдайы басты назарда болды. Карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты көмекке мұқтаж тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында біздің ауданымызда да әлеуметтік көмек көрсетілді. Мәжбүрлі демалыстағы 7 626 адамға 42,5 мың теңгеден 300,9 млн. теңге төленді. Халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 4 774 адам 26,6 млн. теңгеге азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлемдер алды.
154 отбасына (761 адам) 33,4 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
6 жасқа дейінгі 96 балаға 942,9 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықтар берілді. Сәуір, мамыр айларында 945 адамға 15 мың теңгеден 28,2 млн теңгенің коммуналдық шығындары өтелді. АӘК алатын отбасылардың 181 баласына 8,7 млн. тг. кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықтар берілді.
Елбасының бастамасымен өткен «Biz Birgemiz» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілер 263 отбасыға азық-түлік жиынтықтырын жеткізді, 299 мұқтаж адамдарға әрқайсысына 50 мың теңгеден қаржылай көмек берілді.
2020 жылдың 1 қазанына 3 отбасына 39 мың 518 теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді.
Жоғарыда айтып өткендей қиын кезде аудан кәсіпкерлері, тұрғындарда бейжай қалмай, өз көмектерін тигізді. Сол үшін ауданымыздың кәсіпкерлеріне, ауыл тұрғындарына алғысымды білдіргім келеді, - деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы.
Есепті жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, әкімдер есебіне оң бағасын берді.
Тұрғындар сауалына аудан, ауылдық округ әкімі нақты жауап бере отырып, алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.
Маралбек Амантаев,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz