18.02.2021, 20:08
Оқылды: 70

Жаңақалалық Нұралының кәсібіне қан жүгірді

Көзі қарақты оқырманның есінде шығар, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің №11-12 санында (20 наурыз, 2020 жыл) «Нанын еңбекпен тапқан Нұралы» деген көлемді мақала жарық көрген еді. Негізінен мақаланы жазуға аудан тұрғыны, II топ мүгедегі Нұралының әлеуметтік жағдайы себеп болды.

 нұр1

«Дегенмен үкіметке ғана қол жайып отыруды жөн көрмеген, мүгедекпін деп мұңаймай, ел қатарлы еңбек етіп жүрген жанның бірі – Нұралы Елеуов. Ол дүниеге келе сала жарық жалғанның жақсы екенін, өткінші өмірдің тәтті екенін іштей бір сәт сезгенмен де, тіршіліктің ащы дәмі мен заһар уын қатар татты. Себебі Алланың маңдайына жазған тағдыры мұңды еді, зарлы еді. Басынан бұлт арылмады. Кейіпкеріміздің бақытты балалық шағы болса да, өзге балалардай еркін ойнап, күле алмады. Әркез жанары жасқа толатын. Ауыр күрсініп, налитын. Алайда жаратқан Алланың ісіне қарсы келмей, еңбекке ерте араласып, шуақты күндерден үміт үзбеді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде ол әркез қалың ойдың үстінде жүретін. «Қайтсем адам боламын?», «Қандай кәсіп түрімен айналысамын?», «Болашақта қоғамға нендей пайдамды тигіземін?» деген ойлар оны үнемі мазалайтын. Нұралы мүмкіндігі шектеулі болғанмен қол қусырып отыруды қаламайтын. Соның арқасында ол қазіргі кәсібінің кәнігі маманы болды...» деп оның азабы мен қиындығы мол өмірін мақалаға арқау еттік.

Ал мақаланың соңында: - Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейілінше мұңайтпаудың, олардың да өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір  сүрулеріне қажетті жағдайларды жасауға тырысып-ақ жатыр. Осыдан он жыл  бұрынғы кезеңмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып отырған қазіргі әлеуметтік қамқорлықтардың жер мен көктей айырмашылықтары  бар. Осы орайда жоғарыдағы мақаланы толық оқып, түсінсеңіз Нұралы Елеуовке қолдау-көмектің қажет екені көрініп тұр. Үлкен базар, сауда-саттық орындарының қожайындары етекшіні де елеп-ескеріп шағын бір бөлме беріп, көмек етсе, қажетті құрал-саймандарын алып берсе, сауапты іс болмай ма? Ал аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі, аудандық кәсіпкерлік палатасы және басқалары жеңіл пайызбен несие алу жағын реттесе артық етпесі анық.  Өйткені, қазақта «болам деген баланың, бетін қақпа белін бу» деген нақыл бар. Талпынып тұрған Нұралыға да жан-жақты кеңес беріп, қолұшын созып, қолтығынан сүйеп жіберсек, нұр үстіне нұр болар еді?! - деп түйіндеген едік. Газет оқырманымен ғұмырлы ғой. Нұралы жөнінде жазылған мақаланы оқыған азаматтар оған қарқынды қолдау көрсетіп, кәсібінің өрлеуіне сеп болған екен. «Адам баласы болған соң адамның арман-тілегі болады. Болашақта орталық базардың айналасынан арнайы орын тауып, кәсібімнің аясын кеңейткім келеді. Замануи станоктар алсам ба деп ойлаймын» деген Нұралының  мақсаты бүгінгі таңда жанашыр, жақсы адамдардың арқасында орындалып отырғаны көңіл қуантады. Біз де 16 ақпан күні қамкөңіл жан Н.Елеуовке аяқтай барып, хал-жағдайын сұрап қайтқан едік.

нұр2

- Еңбекке ерте араластым. Бала кезімнен мүмкіндігі шектеулі жан болсам да қарап жатпадым. «Еңбектің наны тәтті» демекші, етік тігіп қосымша табыс таба бастадым. Шыны керек, етік тігетін арнайы орын болған жоқ. Үйде тіктім. Әрине, үйдің іші етік тігуге қолайсыз екені айдан анық. Арнайы құрылғыларым да болмады. Дегенмен, алған беттен қайтпай, етік тігуімді жалғастыра бердім. Сөйтіп жүргенде Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров хабарласып, кәсібімді дамыту мақсатында Үкіметтен қайтарымсыз грант алуға, кәсіпкерлік нысандарының бірінен орын табуға көмектесті. Жеке кәсіпкер Сапар Төлеуғалиев ағамызжағдайымды түсініп, меншігіндегі «Салтанат» сауда үйінен қолжетімді бағаға арнайы бөлме берді. Қайтарымсыз гранттың қаржысына Шымкент қаласынан тапсырыспен етік тігетін станок сатып алдым. Шүкір, қазір жағдайым жақсы. Сұраныс та жаман емес. Менің жағдайыма алаңдап, көңіл бөліп, қолдау көрсеткен Сапаров Еркін, Төлеуғалиев Сапар, Мақатов Нұрлан секілді жерлес ағаларыма алғаусыз алғысымды білдіремін. Маған істеген жақсылықтары Алладан еселеп қайтсын. Еңбектері жемісті, дендері сау, отбасылары аман болсын! - дейді ол риза көңілмен. Жылы да кең бөлмеде етігін тігіп, кәсібін жалғастырып жатқан Нұралының еңбекқорлығына тәнті болып, «сұранысың көп, ісің берекелі, ырыс-несібең мол болсын!» деген ізгі тілегімізді жеткіздік.

P.S

«Өмірдің мәні не?» деген сұраққа австриялық психоаналитик Виктор Франкл: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл-күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттыққа бөлеу» деп жауап берген екен. Ендеше, мейірімге мұқтаж, қамкөңіл жандарды қуантуды, олардың шешімін таппаған мәселелерін шешуді Алла баршамызға нәсіп етсін!

 

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале