Соңғы жылдары мектеп түлектері туған ауылдарының көркеюіне, жоғының түгенделіп, көңілдің бірленуіне өз үлестерін қосып жүр.
Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылындағы орта мектептің 1980 және 2001 жылғы түлектері білім алған ұяларында кездесті. Алды қырық, кейінгілері жиырма жылдан кейін бас қосқан түлектер туған ауылдарына керемет тарту жасады.
Б.Жәнекешев атындағы мектептің 1980 жылғы түлектері мектеп ауласына батыр Бисеннің бюстін орнатып берсе, 2001 жылғы түлектер миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Бұған қоса мектеп игілігіне спорттық құрал-жабдықтарын тарту етіп, ауыл балалары арасында қазақша күрестен жарыс өткізді.
Осы аталмыш шаралардың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі орынбасары Мейрамбек Аққалиев туған ауылдарына игі істеп, үлгі көрсетіп жатырған мектеп түлектеріне аудан жұртшылығы атынан шексіз ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын табыстады.
Т.Масин ауылының Мәдина Бегалиева атындағы мектептің 2000 жылғы түлектері де өз мектептеріне тарту етті. Ғалым Мәдинаның мүсінін жасау және орнату жұмыстарына миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мүсінді ашу құрметіне аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен ардагер ұстаз Ғалия Мұқашева ие болды.
Соңғы қоңырау салтанатына басқа да мектеп түлектері құр қол келмепті. Атап айтсақ, мектеп тәмамдағандарына 20 жыл болған түлектер 10 глобус, география картасын және тарих пәнінің картасын тарту етіп, келесі жылы балаларға арналған хоккей алаңын салуға уәде берді. Ал осы мектепті қырық жыл бұрын бітіргендер атынан облыстық мәслихат депутаты Исатай Ғабдуллин сөз сөйлеп, мектеп директорына спорттық жабдықтарға арналған 200 мың теңгелік сертификатты табыстады.
Түлектер қолдауымен тірлігін түзеді
Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан мектебінің 2001 жылғы түлектері әлеуметтік осал топтағы жанұяларға көгілдір отын үйлеріне кіргізіп берді. Атап айтсақ, Арман Жұмағалиевтің көпбалалы отбасына және Мәншүк Мұрсалиеваның аз қамтылған отбасына көмек қолдарын созып, қол жетпестей көрінген үлкен шаруаларын жүзеге асырды. Жалпы екі шаңыраққа көгілдір отын өткізу жұмыстары 1 млн. 200 мың теңгені құраған екен.
Туған ауылдарына кеп, игі іс атқарған Жәңгір хан атындағы орта мектептің 2001 жылғы «б» және «в» сыныбының түлектеріне ауылдық округ әкімі Медет Сисенов аудан әкімінің алғысхатын тапсырды. Өз кезегінде үй иелері мектеп түлектеріне алғыстарын айтып, тәтті тоқаш пен бауырсақтарын ұсынды.
Сайқын ауылындағы М.Мәметова атындағы мектептің 2001 жылғы «г» сыныбының түлектері жалғызбасты ананың көптен бері іске аспай жүрген арманын орындады десек артық болмас.
– 2001 жылғы мектеп түлектері менің бүтінделмей жүрген тірлігім, бітпей жүрген ісімді тындырып берді. Нақтырақ айтсам, үйіме көгілдір отын кіргізіп берді. Газ кіргізу жалғызбасты аналардың қалтасы көтермейтін шаруа. Ақшамды жинап-теріп, газ плитамды алып, енді бірде жылыту құрылғыларын алып, көптен бері ойыма алсам да, аяғына жете алмай келе жатқан шаруам оңынан шешілді. Шын қуаныштымын,- деді жалғызбасты ана Нұргүл Моторова.
Ұялылық 2011 жылғы түлектер игі істердің бастауын қалап, жеміс бағы мен электрондық тақта тарту етті. Мектеп ауласына он түп алма, он түп алмұрт, он түп өрік көшеттері отырғызылды. Бақтың ашылу салтанатында мектеп- бөбекжай кешенінің директоры Мәншүк Мұхамжарова алғысын білдіріп, ауыл ақсақалы Бақтығали Уәйіпов ата батасын берді.
Аудан орталығындағы қаһарман Мәншүк мектебінің 1991 жылғы түлектері, нақтылап айтсақ, «в», «г» сыныптарының оқушылары бір емес бірнеше жанды қуантатын игілікті іс тындырды. Олар аудандық педогогикалық-психологиялық түзеу кабинетіне қажетті жабдықтарын алып берген екен.
– Мүмкіндігі шектеулі, ерекше назар аударуды қажет ететін балаларымыздың кәдесіне жарар іс тындырсақ деп едік. Өкініштісі сол, пандемияға байланысты тапсырыс берген жабдықтарымыз түгел жетпей қап жатыр. Кешігіп келсе де балаларымыздың қажетіне, кабинет мамандарының қызметіне жарар. Өзімнің мамандығым мұғалім болғандықтан, жұмыстың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Біздің сыйлығымыз сол қызметкерлердің мойнына артылған жүкті сәл болса да жеңілдетеді деген ойдамыз, – деді түлектер атынан сөз алған Бағдат Лұқпанов.
Соңғы қоңырау салтанаты игі істерге толы болды. Естігеніміз бар, естімегенімізде жеткілікті. Дегенмен, бұл атаулы күні бірқатар мектепке аталған тұлғалардың бюсті орнатылса, үш жанұя және жеті сәби қытымыр қыстың аязды күндерін жылы үйде өткізетін болады.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz