Өткен ғасырдың жүйткіген арғымағының бірі – «Москвич». Темір тұлпар атаулының алғашқыларының қатарында болған бұл көлік қазіргі уақытта тарихи экспонат ретінде мұражайдан орын алып отыр. Бірақ, тоз-тозы шығып, шаң басып қорадан орын алғандары қаншама. Бірі кәдеге жараса, бірі темір қалдықтары ретінде сатылады. Әйтсе де көне жәдігерге жан бітірген жандар да бар. Қоса қалсаңыз, гүрілдетіп, тіркемесін жалғап, шабындықтан шөп шауып, тасымалдасаңыз болады. Бұл Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының тұрғыны Еркін Әліпқалиевтің тәжірибесіндегі көрініс.
- «Москвичтен» бұрын мотоциклдің алдыңғы бөлігі арқылы шөп шабу құрылғысын жасап шығардым. Ал көлікті 2013 жылы немере ағайынымнан сатып алған болатынмын. Алғашқыда кәдімгі көлік ретінде тізгіндеп жүрдім. Кейін 2014 жылы шөп шабу науқаны басталған уақытта трактор қызметіндегі көлікке айналдырдым. Мотоцикл бөлшегімен жасаған шөп шабу құралын москвичке тіркедім. Ол тиімсіздігін көрсетті. Бұнымен тоқтап қалмай шөп шабуға тиімді болуы үшін айналмалы құрылғы мен цеп орнаттым. Осы үлгісі арқылы 40 көлік шөп тасыдым. Бұл да цебі бір үзіліп, бір жалғанатындықтан тағы өзгертуге тура келді. Сөйтіп Газ 69 көлігінің құрылғысын орнаттым. Көлігім бұл құрылғы арқылы 50 көлік шөп шауып, тасымалдауға септігін тигізді. Бірақ ақаулар орын алып, қайта жөндеуге тура келді. Содан өз радиаторынан екі есе радиатор орнаттым. Ол қазіргі уақытта да өзінің тиімділігін көрсетіп, жүріп тұр, - деді өнертапқыш.
Еркін Қалиұлы тек көлікті ғана ескі құрал-жабдықтарды да кәдуілгі техникаға айналдырған жан. Мәселен, бетон араластырғышты естіп, көргеніңіз болар. Оның қызметі де таныс. Ал Еркін ағамыз ескірген труба мен өзге де ескі құрал-жабдықтарды біріктіріп кәдімгі бетон араластырғыш жасады. Осы құрылғысы арқылы өзінің үйінің іргетасын да қалап шыққан. Әрине бұл құрылғының қол күші мен уақыттың үнемделуіне септігі мол. Ал Еркін Қалиұлы бұнымен іркіліп қалмай ескі дүниелерге әлі де болса жан бітірмек ниетте.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz