14.10.2021, 12:00
Оқылды: 30

Білім беру ұйымдарына 6 900 педагог-психолог жетіспейді 

Еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған.

211014124110891a3848919i
«Жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді. Өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет жұмыс істеп тұр, онда 11 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Білім беру ұйымдары Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес педагог-психологтың штат бірліктерімен қамтамасыз етіледі. 2021-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында 97 672 млн теңге сомасына 1 535 педагог-психологтың біліктілігін арттыру жоспарланған», - делінген министр жауабында.

Ұсынылған деректерге сәйкес, 2021 жылы – 500, 2022 жылы – 500, 2023 жылы 535 адам аталған орталықта біліктілігін арттырады. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жүйесін одан әрі дамыту үшін қолда бар деректер бойынша қосымша 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының аясында мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына өзгерістер енгізу көзделген. Бұл педагог-психологтер штатын ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, аталған жол картасы аясында педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бойынша іс-шаралар көзделген.

«Жергілікті деңгейде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және үйлестіруді қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік орталықтар жұмыс істейді. Педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бөлігінде Министрлік шетелдік әріптестермен (UNICEF) және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізуде», - деп атап өтеді Асхат Аймағамбетов.

Қазақпарат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале