1990 жылы ауданда мұсылмандар қоғамының құрылуына да Сәрсенбай ақсақал мұрындық болғанды. Сайқында мешіт ашуды 1992 жылы өзі бастап қолға алған. Екі жылдан кейін ғибадатхананы әділет басқармасына тіркетіп, заңдастырады.
Негізі мешітке деп бөлінгені темір жолдың батыс бетіндегі бос тұрған аурухана ғимараты екен. Ол төбесі тым аласа, мешітке келіңкіремейтін болғасын ақсақал оны бұрынғы электр стансасы ғимаратын иеленіп отырған екі мекеменің басшыларымен келісіп, ауыстырып алыпты. Алқам-салқам болып сыйқы кеткен ғимараттың тіпті жылу жүйесіне дейін тоналған екен. Онсыз да қиын кезеңде материал деген қат нәрсе. Терезелердің бітейтіні бітелді, үлкені кішірейтілді, бір есік жабылып, екі есік жаңадан шығарылды. Едені тақтайланды. Әйтеуір, екі ай дегенде зор еңбекпен мешітке ұқсады. Сөйтіп, аудан жерінде тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы мешіт ашылып, жұмысын бастайды. Мешіт жанында он бір адамнан алқа құрылады. «Олар: Әшенов Сәрсенбай, Такиров Хамидолла, Мергенбаев Ерсайын, Сертеков Жұмағали, Бисенғалиев Қасым, Айғалиев Жұмағұл, Қадымов Ноқаш, Құспанғалиев Есмағзом, Темешев Қабдіреш, Сұлтанов Мэлс, Бирахметов Абай еді» деп жазады «Орда жұлдызы» газетіне басылған мақаласында Амантай Хамзин аға.
Сәрсенбай Әшенұлы 1936 жылы 29 мамырда бұрынғы Орда ауданының Қаракөл Шоңай ауылдық кеңесінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 7-сынып бітіргеннен кейін Ордадағы механизаторлар даярлайтын училищеден механизатор-шофер мамандығын алады. Еңбек ете жүріп, сырттай оқып, онжылдықты бітіреді. Кейін 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР Дайындау министрлігі жанындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі кадрлар даярлайтын курсты тәмамдап, 1974-1976 жылдары «Мұратсай» совхозы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 1990 жылы Бөкей ордасы ауданында мұсылмандар қоғамы құрылып, С. Әшенов оның төрағалығына сайланады. Ол кісінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Бисен, Саралжын елді мекендерінде де мешіт ашылады.
Ауыл қариялары Сәрсенбай ақсақалдың ән салып, домбыра тартқанын айтады. Оралдағы діни оқудың жарысына талай рет қатысып, бірінші орын алып келіп жүрген.
- Сәрсенбай ақам – әкем Нұрқаштың туған інісі. Әкелері Әшен мен анасы Бақтылының тәрбиесін көріп, кішкентайынан бірге өскен. Ақам жас кезінен өте пысық, ширақ, ізденімпаз адам еді. Әкемнің айтуынша, бала кезінде қой бағып жүріп, түсте ол кездегі Астраханның пойыздарына мініп, кешке дейін сол орыс жерлеріне барып, аралап, кешке басқа пойыздармен ауылға қайтады екен. Жалпы, өте алғыр, жұртпен араласқыш еді. Имандылық жолына түсіп, ауданның алғашқы бас имамы қызметін атқаруы, ауылда мешіт ашуы бізді таңғалдырған жоқ. Олай дейтінім, ақам Кеңес үкіметі кезінде совхозда қызмет атқарып жүргенде бірнеше уақыт қасында жүрдім. Бір күні түнде жолда ақам машина ролінде, мен қасындамын, бір кезде байқасам, халық әндерінен әндетіп, біресе Құран сүрелерінен араластырып, маған түсініксіз әуенмен әндетіп келеді. Қазір ойлап отырсам, сол кездің өзінде белгілі бір тылсым күштер әсер ететін болғаны ғой. Ақам жалпы өнерге өте жақын адам еді, халық оркестрінің мүшесі, көптеген халық әндерін жеке орындайтын, - деп еске алады інісі, Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылының тұрғыны Рафхат Әшенов.
- Мәскеу-Алматы пойызына отырдым. Қасымызға басындағы тақиясын үстінен түлкі бөрікпен бастырған, аяғына мәсі киген діндар адам орналасты. Шалт қимылдайтын жылдам адам екен. Біз «жол қысқартар» нәрселерімізді шығара бастап едік, ақсақал тіксіне қарады. «Купенің ішінде намаз оқимын, мұндай істермен айналыспаңдар» деді. Біз бәрін тастап, ақсақалмен әңгімеге кірістік. Сәрсенбай ақсақалмен осындай тосын жағдайда танысқанмын. Алматы мен Орал арасы 3 күндік ұзақ, ит бүлкіл жүріс. Қарияны көбірек тыңдадық. Ол марксизм-ленинизм ілімінің күлі көкке ұшып, студенттеріміз діни ағымның шәкірттеріне айналған кезең тұғын. Көбі намазға жығылып, басқа тақия, иыққа шапан іле бастады. Мен білгенімше Сәрсенбай ақсақалдан «емтихан» алдым. Білімділігіне таңғалдым, - дейді профессор Серікқали Шарабасов.
- Сәрсенбай ақсақалды 2004 жылы әжем қайтыс болып, біздің үйге жаназаға келгенде, бірінші рет көрдім. Сол жылы Мұратсай ауылының әкімі Серік Айтқалиев мырзаның жәрдемімен әкім кеңсесінің бір бөлмесінен намазхана ашып, балаларды оқыттым. Облыстық мешіттің нұсқауымен тексеруге Сәрсенбай ата келді. Біреуі азан шақырып, біреуі имамдыққа шығып, сапқа тұрып жамағатпен намаз оқып болған соң партаға отырып, дін сабақтарына кіріскен кіп-кішкене балаларды көргенде, Сәкең жылап жіберді. «Менің көргім келетіні балапандарымыздың осылай оқығандары ғой» дей берді. Кейін мені аудандық мешітке шақыртып, сол жылы Сайқынға барып, өзіне көмекші болдым. “Мешіттің ішіндегі кітаптардан мына кітапты оқып қара” дейді, оқып отырсам, ішінен ақша шығады. Не қылар екен деп сынайды екен ғой. Бүкіл құжаттарымды жинап, дайындап, Алматыдағы Ислам институтындағылармен келісіп, телефонмен-ақ менің болашағымды шешіп қойған екен. Маған «Оқуға бар» деді. Мен қарсы болмадым, бардым да, оқуға орналастым, - дейді бүгінде Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы қызметіндегі Мұратбек қажы Жахатов. – «Мешітті жөндету үшін Оралдағы демеушілеріме барып келемін» деп кеткен Сәкең келгенде тілсіз оралды. 2004 жылы қазан айының 18 жұлдызында қасиетті рамазан айының үшінші күні қайтыс болды. Мен ол кісінің орнына бас имам болып қалдым. Мен Сайқында қызмет жасаған кезде де қазіргідей мемлекет тарапынан жалақы берілмейтін, мешіттің іші қақаған суық болды. Бірақ іштей «Сәкең бұдан да қиын кездерде қызмет атқарды ғой» деп өзімді-өзім сабырға шақырушы едім. Облысымыздағы он екі ауданның бесеуінде бас имамы болып жүрген, медреседе ұстаз болып, діни университетте оқып жүргендер – сол Сәрсенбай атамыздың айтысып, тартысып жүріп ашқызған мешітінің шәкірттері.
Сәрсенбай ақсақал Жәңгір хан, Дәулеткерей Шығайұлы, Салық Бабажановтарды қайта жерлеу тұсында Қазақстан ғылым академиясының зерттеу институтынан ұйымдастырылған ғылыми экскурсиясына қатысып, ескі тарихи ескерткіштерді анықтау ісіне белсене атсалысқан. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы Жәңгір ханның басына келгенде әкем Құран оқыды» дейді ақсақалдың қызы Айман. «Бір жылдары Оралдағы Әбілхайыр хан даңғылы жөнделгенде жер астынан арабша жазылған құлпытастар шықты. Асфальт астынан шыққан тас белгілерді жүк көлігіне тиеп, мешіт алдына әкелген. Оқуға қатысқан әкем ол құлпытастардың бес тілде жазылғанын айтқаны есімде қалды», - деді Айман Сәрсенбайқызы. Ақсақалдың суреттерін көрсете отырып көп нәрсені еске алды. Марқұм әр суреттің артына қай жер, кімдермен түскенін мұқият жазған екен. «Астрахандағы Құрманғазы кесенесінің басында», «Сейіт әулие басында», «Сейтектің зираты», «Жәңгір хан кесенесінің ашылуы», «Дәулеткерейдің құлпытасы» ... осылай кете береді. Онда қарияның жүрген ізі, еңбектері сайрап жатыр. Көне құлпытастар бейнеленген суреттерге оның қай ауылдан қай бағытта орналасқаны, неше шақырым, арабшадан қалай оқылғанын тәптіштеп жазып кеткен...
Сәрсенбай Әшеновтің бір ұл, бір қызынан бүгінде ұрпақ өрбіді. Еліміздің әр саласына еңбек сіңіріп жүрген олар өмірден өткеніне он жыл толса да, аталарын жадыларынан бір сәтке шығармай, еске алып жүреді.