Танымал TikTok қызметі құрамына кіретін қытайлық ByteDance компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Чжан Имин бас директор қызметінен кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters сайтына сілтеме жасап.
Қытайдағы ең бай кәсіпкерлердің бірінің отставкаға кетуі - корпоративті қайта құрудың бір бөлігі. Оның аясында ByteDance ішінде алты бизнес бөлімшесі құрылған.
Бірінші бизнес бөлімі - TikTok қосымшасы, екіншісі - оның қытайлық Douyin нұсқасы. Қалған төрт бизнес - Lark бірлескен корпоративті платформасы, BytePlus бизнес қызметтері мен корпоративті технологиялар қызметі, Nuverse ойын бизнесі және Dali Education білім беру платформасы.
2021 жылдың мамырында Чжан Имин орнына кадрлық саясатты басқаратын компанияның негізін қалаушы Лян Жуйбо келетінін мәлімдеген еді. Серіктестер "барынша қалыпты ауыс-түйіс жасау" үшін алты ай бойы тығыз жұмыс істегені атап өтілді.
Енді жаңа бас директор Лян Жуйбо бес адамнан тұратын компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болды, оған General Atlantic, Sequoia Capital, Coatue Management және Susquehanna International Group кіреді. Чжан Иминнің өзі стратегиялық лауазымға ауысты.
Бағдарламашы Чжан Имин ByteDance компаниясын 2012 жылы құрды, оның штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан, 38 жастағы кәсіпкердің жеке байлығы 50 миллиард доллардан асады.
Бұрын Чжан Имин атқарушы директор қызметінен кетуін "ұзақ мерзімді стратегияға, корпоративті мәдениетке және әлеуметтік жауапкершілікке назар аудару" мақсатында деп түсіндірген еді.