Осыған орай еліміз бойынша мүлікті жария ету акциясы басталып, оның аяқталу мерзімі 2015 жылғы 31 желтоқсан деп белгіленді. Ақшадан басқа мүлікті жария етуге ұсыну үшін құжаттар көрсетілген мерзімге дейін, яғни 2015 жылдың 30 қарашасына дейін ғана қабылданады.
Жоғарыдағы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар мен Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар осы акцияға қатысып, өз иеліктеріндегі қаражаты мен бағалы қағаздарын, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін ғимараттарын (бұл ретте жария етілетін объектілер орналасқан жер учаскелері жария ету субъектілерінің меншігінде болуы тиіс), басқа адамға рәсімделген құрылыстар (ғимараттар), ел ау-мағынан тыс жерлердегі жыл-жымайтын мүліктер, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі де жария етілуі тиіс. Жария ету акциясы басталғанға дейін, яғни 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін алынған (сатып алынған) мүліктерді де жария етуге болады. Дүние-мүліктерден басқа ресми түрде тіркелмеген, яғни салық салынбайтын кәсіпкерлік қызметтер мен ресми түрде тіркелгенімен, түрлі тәсілдермен салық төлемеген немесе декларацияланбаған кәсіпкерлік қызметтер жария етілсе, осы акция аясында оларға да рақымшылық жасалады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге жатпайды. Мұндай қылмыстарға жеке адамға, адамның конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысының негiздерi мен қауiпсiздiгiне қарсы, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге құқық-бұзушылықтар мен қылмыстар жатады.
Көпшілік көкейінде «Мүлікті жария ету не үшін керек, осының елге қандай пайдасы бар?» деген сұрақтың жүргені рас. Баршамызға белгілі, елімізде 2017 жылдан бастап, жаппай декларациялау жұмысы жүзеге асырылмақ. Мүлікті жария ету бағытындағы акция осы жұмысқа дайындық ретінде жүргізілуде. Мақсаты - еліміздегі жекелеген адамдардың иелігіндегі қаражаттар мен мүліктерді көлеңкеден шығарып, олардың ел экономикасына жұмыс істеуіне ықпал ету. Яғни ел азаматтарының қалтарыста қалған қарайған қаражаттары мен мүліктері ел экономикасының дамуына қызмет етуі керек. Сондай-ақ бұл трансшекаралық операциялардың ашықтығын арттыруға, елдер арасындағы салықтық ақпарат алмасуды күшейту үшін де қажет. Бұл акция, ең алдымен, жария ету субъектілері үшін тиімді. Өйткені олар осы акция аясында бұрын жария-лы экономикалық айналымнан шығарылған ақшалары мен өзге де дүние-мүліктерін қайтарып ала алады. Бұған қоса осы акция шеңберінде жария етілген ақшалар мен мүліктерге табыс салығы салынбайды және алынған мәліметтер құпиясы сақталады. Сондай-ақ жария ету туралы заң талаптарына сәйкес келетін мүліктің иелері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен және «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дәйексіз декларациялар мен мәліметтерді ұсынғаны немесе толық ұсынбағаны үшін тәртіптік жауапкершіліктен босатылады. Акцияның тағы бір тиімді тұсы, жария етілген қаражаттарын жинақ шотына (депозитке) салған адамдарға сыйақы есептеледі. Ақша депозитке салынған (аударылған) күннен бастап, күнтізбелік алпыс ай ішінде депозиттен алынбаса және басқа шотқа аударылмаса, жария ету субъектісінде мүлікті жария еткені үшін алымды төлеу міндеті туындамайды. Бұл ретте, ақшаны депозитте сақтаудан басқа оның мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейдегі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын және «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде акцияларды, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алуға, жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде объектілерді сатып алу арқылы экономикаға инвестициялауға да мүмкіндігі бар. Егер жария ету субъектісі инвестициялаудың жоғарыда көрсетілген тетіктерін пайдаланғысы келмесе, онда ол жария етілетін ақшаның 10%-ы мөлшерінде бюджетке алымды төлей отырып, ақшасын өзінің қалауына қарай жұмсауға құқылы. Сондай-ақ мүлікті (ақшадан басқа) жария ету рәсімі бұрын тіркелмеген мүлікті (үйді, ғимаратты және т.б.) жария ету жөніндегі комиссияға бір өтініш беру арқылы жеңілдетілген тәртіпте тіркеуге немесе тіркеу деректерін (жер учаскесінің нысаналы мақсаты және т.б.) өзгертуге мүмкіндік береді.
Заң бойынша ел аумағынан тыс жерлердегі мүлікті жария ету туралы өтініштерді қабылдауды ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитеті аумақтық бөлімшелерінің жанындағы комиссиялар жүзеге асырады. Бұл комиссиялардың мекенжайлары мен телефондары электрондық үкіметтің egov.kz порталында орналастырылған. Ал ақшаны жария ету үшін екінші деңгейдегі банктің не «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесіне өтініш беру қажет. Акция шеңберіндегі жинақ шоттары ҚР Ұлттық банктің www.nationalbank.kz интернет-ресурсында көрсетілген банктерде ғана ашылады. Бір ескеретін жәйт, талаптары тиімді банкті адамдар өздері таңдауы керек, ол үшін банк бөлімшелерімен алдын ала хабарласып, ақпарат алғандары жөн. Сондай-ақ жария ету шеңберінде банктерде орналастырылған ақ-шаларын инвестициялағысы келетін адамдар ақшаны инвестициялау үшін шарт жасасуға уәкілетті брокерлердің тізімін пайдаланғаны жөн, ол тізім де Ұлттық банктің интернет-ресурсында бар.
Сарапшылардың есебінше, жария етілмеген мүліктер көлемі бүгінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын құрайтын көрінеді. Дерек көздеріне сүйен-сек, акция жарияланған күннен бастап қаңтар айының 28-іне дейінгі аралықта Қазақстан аумағында орналасқан мүліктерді жариялау бойынша құны 152 195.9 млн. теңге болатын 18 698 нысанды жария ету жөнінде өтініш түкен. Ал ел аумағынан тыс орналасқан нысандар бойынша жалпы құны 108,7 млн. теңгені құрайтын бар-жоғы екі өтініш түсіпті. Сондай-ақ Қаржы министрлігінің сайтындағы дерек-тер бойынша мүлікті жария ету акциясы аясында қаңтардың 14-іне дейін 51 шот ашылып, 9,6 млрд. теңге жария етілген. Ал ақпан айының 3-індегі мәлімет бойынша жария етілген қаражат мөлшері 9,9 млрд. теңгеге дейін өскен.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының жетекшісі Ербол Найзабековтің айтуынша, ағымдағы жылдың 27 қаңтарына дейін облыс бойынша жергілікті атқарушы органдарға мүліктерін жария ету бойынша 127 өтініш түскен. Жариялауға ұсынылып отырған қозғалмайтын мүліктердің жалпы құны 983246 мың теңгені құрайды.
- Бұлардың 53-і – тұрғын үй нысандары және олардың құны - 179074 мың теңге. Ал 74-і – тұрғын үйге жатпайтын нысандар, олардың құны 804172 мың теңгені құрайды. Нәтижесінде жалпы құны 38780 мың теңгені құрайтын 13 тұрғын үй және құны 470240 мың теңге болатын тұрғын үйге жатпайтын 36 нысан жария етілмек. Бұл нысандардың барлығы да өз еліміздің аумағында орналасқан және жариялау науқаны басталғалы бері шетелдерде орналасқан мүліктерін жариялау бойынша бірде-бір өтініш тіркелмеді, - деген Ербол Ғалымұлы акция мерзімінің шектеулі екенін айтып, халықтың осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып қалғандары жөн екенін жеткізді.