5.03.2015, 12:29
Оқылды: 22

Бизнес түйткілдері талқыланды

bzhk-2020


Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен бизнес өкілдерінің түйінді мәселелерін талқылаған кеңес өтті.


Бұған құқық қорғау саласы мен банк қызметкерлері  және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.  Аталмыш жиында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерді несиелеу жағдайы, қаражаттың қолжетімділігі  және бизнес нысандарын инфрақұрылымға қосудың техникалық жағдайын реттейтін заңның сақталуы мәселелері  қаралды.

Жиын барысында өңір палатасының мамандары әлеуетті  және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына нақты қатысушылардың  бастарынан кешіп жүрген қиындықтары жөнінде әңгімеледі. Сондай қиындықтардың бірі – екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерге  мемлекеттік бағдарламалар аясында несие беруден бас тартуы. Бұған көбінесе қарыз алушының айналысатын  кәсібінің сәйкес келмеуі немесе кепілзатының болмауы себеп болып отыр. Қазақстан Халық банкі филиалының қызметкерлері,  екінші деңгейлі банктердің  менеджерлері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөніндегі  өтініштерді қарау кезінде тек акционерлердің ғана емес, сонымен қатар мемлекет қаражатының да орнымен жұмсалуына жауапты болады.  Мысалы, банк қызметкерлері  жоспарға сәйкес алғашқы жартыжылдықта кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие бере отырып, 6 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты игеруі тиіс болды.  Бірақ осыншама қаражатты қалай да игеру керек екен деп, жұрттың бәріне бірдей  ақша тарату да дұрыс емес.  Несиені тек уақытында қайыра алатын адамға ғана беру керек.

Жиында бұдан әрі  жобалық-сметалық құжаттарды жасақтаудың тым қымбаттығы мен  инновациялық гранттарға қаражаттың аз бөлінуі, сондай-ақ индустриалдық аймақтан тыс жерде жүзеге асырылып жатқан жобаларға инфрақұрылым жүргізу мәселелері қызу талқыланды. Экономиканың басым салаларын жиі қараудың кесірінен  кейбір кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеден шет қақпай қалып жүр.  Осыларды жеткізген жергілікті кәсіпкерлер   «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстар жасады.   Сондай-ақ осы жиында бизнес нысандарын табиғи монополия субъектілері жүйесіне қосу, соның ішінде электр, газ, сумен қамту және су шығару жүйелеріне қосуда техникалық жағдайлар жасау ісі сарапталды.

Облыстық прокуратура қызметкері  Берік Сүйіншәлиевтің  айтуынша, табиғи монополия субъектілерін тексеру барысында белгіленген мерзім мен техникалық  шартты беру тәртібі  бұзылған 600 жағдаят анықталды.   «Жайықжылуқуат» АҚ басшылығының айтуынша, қазіргі  қолданылып  жүрген  ережеде жылу жүктемесінің көлемі мен пайдалану түрі көрсетілмеген. Сол себепті өтініш берушіден осы туралы қосымша ақпарат сұралады. Міне, нақ осы жағдай бизнес нысандарына  техникалық  шарт жасау жұмысын  ұзартып жібереді.

Сондай-ақ кеңеске қатысушылар техникалық  шартты алу үшін ауыл кәсіпкерлерінің сонау облыс орталығына баруға мәжбүр болатынын айтты. Олардың айтуынша, аудандарда табиғи монополия субъектілерінің  бөлімшелері бар және кәсіпкерлердің  осы бөлімшелерден техникалық  шартты алуына болады.

Кеңесте өңірлік  кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің түгендеу жұмысы бойынша жасаған баяндамалары тыңдалып, палата өкілдері мен бизнес қауымдастықтың басын қосатын  диалог алаңы секілді кеңесші  органдарды құру қажеттігі  де айтылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Мағрипа Нығышеваның сөзінше, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 50 шақты  кеңесші органдардың тек 27-сіне ғана басымдық берілген. Олардың сегізінде бизнес  өкілдері 30-дан 50 пайызға дейін болса, он бірінде 30 пайыздан аз. Ал тәртіп бойынша бизнес-қауымдастық мүшелерінің  саны кеңесші органдар құрамында 50 пайыздан кем болмауы тиіс.

Кәсіпкерлік сала мамандарының  пайымдауынша, жоғарыдағы мәселелердің жедел шешілуі елімізде кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына мүмкіндік бермек.


Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале