Былтыр жыл аяқталарда алғабастық Даниял Сабитов бокстан республика чемпионы болып бір қуанып едік. Енді міне биыл Алғабастың үміт артқан тағы бір ұлы Зайреден Мұхамбетжанов Сербия елінің Белград қаласында грэпплингтен өткен әлем чемпионатында елімізден шыққан тұңғыш чемпион атанып, айды аспанға шығарды.
Өткен аптада әйгілі балуан ат басын өзінің туған ауылына бұрды. Спортшыны ауыл ақсақалдары, жастар кіре беріс жолдан күтіп алып, ақ ұсынып, құрмет көрсетті. Осыдан соң жерлестердің қошеметі ауыл Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік мәңгілік елдің тұғыры» атты кездесу кешімен жалғасын тапты. Кездесуде ауыл әкімі Темірболат Есенғалиев еліміздің атын әлемге шығарған балуанның алғабастық ұлан екенін ауылдастары мақтан тұтатын айтып, оған өзінің алғыс хатын ұсынды. Сондай-ақ осындай спортшыларға қолдау көрсетіп, ауылдың тыныс-тіршілігіне атсалып жүрген бір топ ауыл тұрғындарына алғыс хат табыстады.
Осыдан кейін ауылдың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомов сөз алды. Ол:
«Сенің жеңісіңе бек қуаныштымыз. Бұл жігіт атасына тарқан. Ол кісі де осындай қайратты, салмақты жан еді. Жарайсың! Артыңнан ерген спортшыларға әрдайым үлгі көрсетіп, еліңнің бағына аман жүр!», – деген тілегін арнады.
Осыдан кейін ақсақал Зайреден Қонысбайұлына ауылдастарының ілтипаты – 2 миллион теңгенің сертификатын ұсынып, 4 жылқы мен 4 қой атады. Айта кетерлік жайт, алғабастықтар бұған дейін де чемпиондарына арғымақ тарту етіп, темір тұлпар да мінгізген болатын.
- Құрметті ауылдастар, шын жүректен қуанышқа ортақтасып жатқандарыңызға ризамын. Мен үшін еліміздің көк туын Сербияда желбірету мақтаныш, абырой болды. Ауылымыздан мықты балуандар шыға берсін. Соған алдағы уақытта үлесімді қосып, атсалысамын. Осы ауылда туып-өскеніме бақыттымын. Осындай жеңіс әрбір жас ұрпаққа бұйырсын, – деп З.Мұхамбетжанов өзінің жүрекжарды алғысын арнады.
Еске сала кетейік З.Қонысбайұлы 1990 жылы дүние келген. Бала кезінен еркін күреспен шұғылданып, талай жеңіс тұғырынан көрінді. Сербия елінде өткен әлем біріншілігіне қатысуға облыстық грэпплинг спортық күрес федерациясы және президенті Азат Ихсанов ықпал етсе, оны Алмаз Ихсанов пен Корлос Фариас жаттықтырды. Зайреден жанұялы, екі қыздың әкесі.
Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz