9.12.2021, 11:20
Оқылды: 57

Жарайсыңдар, жігіттер!

Жылына екі рет редакциямызға айналып соғатын науқан бар. Сол шақта газетке жазылушылардың қарасы көбейеді. Бірі келіп ұжымын жаздырса, енді бірі ауылдастарын жаздырып беріп жатады. Атымтай жомарттардың арқасында ауылдағы қариялар алты ай бойы газеттерін үзбей алып тұрады.

фото 2

Бұл туралы іссапармен ауылдарды аралағанымызда естіп біліп жатамыз. «Өткен жылы жазыла алмай қалып едім, биыл мықтап қолға алғалы отырмыз» дегенді естігенде жүрегің елжірейді. Бұл жерде ауылдағы көпті көрген ағайынның газетке деген шын келбетін көреміз. Газетке жазылу арқылы өздерінің көкейінде жүрген ойымен бөлісіп, редакциямызға хат жолдап жатады. Оған біз қуанбасақ, еш өкінген емеспіз. Ауыл мектебінде шәкірт тәрбиелеп отырған мұғалімдер де жетістіктерімен бөлісіп, мектеп өмірінен сыр шертетін мақалаларын аудандық газетке жолдайды. Арасында үнемі мақала жазып тұратын ұстаздар да бар. Тіпті аудандық газетке мақалалары шығып жүрген оқырманымыз, сәлден соң облыстық басылымға беруге де ұсыныс жасайды. Оқырманмен байланысымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұны біз редакция арқылы жазылымды бастаған шақтан байқадық.

Реті келгенде айта кетсек, ІІ Шежін ауылдық округіндегі «Чижа ІІ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Ерік Жұмашев, «Ағайын» АӨК басшысы Алмас Бекболсынов пен «Талдыбұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Байсал Хасанғалиев секілді азаматтар өздерінің мәрттігін көрсетіп жазылым науқаны кезінде демеушілік танытты. Бұған қоса ақтаулық кәсіпкерлер де ауылдастарын бірнеше газетке жаздыра отырып, жерлестерінің алдында беделін арттырды. Амангелді ауылдық округінен «Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Дүйсенғалиев, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жасталап Жұмағалиев сынды жомарт жігіттер оқырманымыздың көбеюіне септігін тигізді.

Достық ауылындағы Есім Мамбетов, Махамбет Мусин, Еркебұлан Бектияров және Сарытау Аманбаев сияқты есімі елге белгілі жігіттер осы жолы да демеушілік танытудан тартынған жоқ. Керісінше ауылындағы ақсақалдардың газетпен дос болуына өздерінің қамқорлықтарын аямай келеді. Аудан орталығында тұратын ардагерлер мен аз қамтылған отбасылар да облыстық және аудандық басылыммен қамтылды.

Фото

Жеке кәсіпкерлер арасынан Әлібек Сәрсенбаев, Ерлан Ниетқазиев, Мади Хайров секілді азаматтарды атап өтпеуге болмас. Осындай көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар барда газеттің де ғұмыры қысқа болмас. Газет әрқашан халықпен бірге. Аудан халқын жағымды жаңалықтармен құлақтандыруда тілшілеріміз аянбай еңбек етіп келеді. 2019 жылдарға қарағанда қазіргі кезде газетке жазылушылардың саны едәуір артты.

Төл басылымға жаздыру науқаны барысында кезінде Тасқала ауданының аумағында тұрып, кейін Орал қаласына көшіп кеткен жерлестеріміз де «Жайық Пресс» ЖШС арқылы жазылуда. Оған да демеушілік танытып жүрген Әлібек Сыдықов, Замир Сәрсенбаев секілді азаматтар қолдау білдіріп келеді. Оқырманымыз алты ай бойына аталған мекеме арқылы облыстық және аудандық газеттерді алып тұрады. Алдағы уақытта да бұл үрдіс қайталана беретініне сенімдіміз. Мақаламыз «Жарайсыңдар, жігіттер!» деп аталғанымен, олардың арасында нәзік жанды жеке кәсіпкерлер де өзінің мәрттігін көрсетуде. Өздеріңізге белгілі санаулы аптадан кейін 2021 жылды да аяқтаймыз. Аудандық төл басылымның 85 жылдығын да көпшіліктің арқасында атап өттік. Жасалып жатқан жақсылықтың барлығы да атқамінер азаматтардың қамқорлығы деп білеміз. Жоғарыда аты аталған демеушілерге газет арқылы алғысымызды білдіргенді жөн көрдік. Қолға алған шаруалары оңынан жүріп, елге еселі еңбек ете берсін деген тілегіміз де жоқ емес!.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале