Өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аветик Амирханян мен Снежанна Имашева «Жайық Пресс» медиахолдингіне ат басын бұрып, журналистермен кездесті. Ақ Жайықтағы жаңалықты уақытлы және сапалы жеткізуге тырысатын тілшілер қауымын Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, өңірге келген мақсат-міндеттері туралы баяндады.
Басқосуды «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Оразов ашып, мекеменің құрылымы мен облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің таралымы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ редакция басшылығымен таныстырды.
- Оралға келіп, сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Орал қаласы мен үшін туған өлке болып есептеледі. Сіздермен жүздесудегі мақсатымыз – облыс тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелер туралы біліп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Тәуелсіздік – қасиетті де киелі ұғым. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлт өкілі берекелі ғұмыр кешуде. Елбасының саясатының арқасында қан төгіссіз шекарамыз шегенделді. Әлем елдерімен достық және өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Барлық жердегідей біздің Орал өңірінде де шағын және орта бизнесті өркендету ісінде қол жеткен табыстар аз емес. Соның бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың нәтижесі. Ауызбіршілік бар жерде даму, өркендеу болады. Қазақстандықтар бұл жетістікпен тоқтап қалмай, алға дами беруі керек, - деді Аветик Рубенұлы елдегі этностар арасындағы достық, ауызбіршілік пен ынтымақтастық туралы баяндап. Сондай-ақ ол бейбіт тіршілігіміз бен әлеуметтік-экономикалық дамуымызға сол өзара ауызбіршіліктің арқасында қол жеткізгенімізді жеткізді.
Ал Снежанна Имашева кей мемлекеттерде ұлтаралық, дінаралық араздық қантөгіске әкеліп жатқанын тілге тиек етіп, Елбасының арқасында елімізде мұндай заңсыз әрекеттер, ұлтаралық қақтығыстар болмағанын айтты. Қазақстан халқы үшін тәуелсіздіктің қадірі де, қасиеті де зор екенін жеткізді.
Содан соң ұлтаралық достықты, ынтымақтастықты насихаттап жүрген «Орал өңірі» газетінің тілшісі Бауыржан Бисенов пен «Приуралье» газетінің тілшісі Светлана Аманова алғысхатпен марапатталды.
Емен-жарқын өткен басқосуда ұлтаралық достық, тәуелсіздік, межелі жетістіктер сөз болды. Содан соң «Орал өңірі» газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин мен «Приуралье» газетінің редакторы Тоқтар Кенжеғалиев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қызметіне сәттілік тіледі.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz