Отанымыз Қазақстан – әманда ауызбіршілігі мығым ұлттардың атамекеніне айналған киелі шаңырақ. Татулыққа, бірлікке негізделген берекелі тірлігімізге осыған дейін қаншама мемлекеттер қызыға да қызғана қарайтын. Осының бәрі бір-ақ сәтте өзгеріп, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алған жантүршігерлік оқиғалар қабырғамызды қайыстырды.
Бейбіт шеруге шыққан халықты қалқан қылған арандатушылардың, басбұзарлардың, айналасын талқандап, ажал сепкендердің арасында бізбен замандас қазақтың жастары болғаны, әрине, қынжылтады. Мемлекетімізде ұлт болашағы – жастар үшін көптеген игіліктер жасалуда. Мұндай мүмкіндіктер әлемнің барлық елінде бірдей бола бермейтіні анық. Сол жақсылықты бағаламай, ортақ құндылықтарымызға түкіріп, адами ар-ожданнан жұрдай болған лағнет атқырларды «қазақ азаматы» деп айтуға аузым бармайды. Діліміз, дінімізден алшақ жүрген олардың көксегені – ұлтты шайқалту, береке-бірлігімізден ажырату екені бесенеден белгілі.
Ел ішіне іріткі салған содырларға жаза ежелден қатаң болған. Қазір де атамекеніміздің тәуелсіздігіне, тұтас халықтың қауіпсіздігіне қатер төндірген дұшпандарға, Отанын ойрандатқан опасыздарға ешқандай аяушылық болмайды, күні кеше халыққа жасаған Үндеуінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осыны айтты. Мамыражай, бейбіт күндерді қайта орнату үшін осындай батыл қадам қажет-ақ.
Қазір елімізге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік контингенті енгізілді. Көршілес мемлекеттердің еліміздің тұтастығын сақтауда осылайша үнқатуын сан-саққа жүгіртіп, «жаулап, басып алады» деп жатқандар да бар арамызда. Бұл жаңсақ пікір, әлеуметтік желідегі «белсендісымақтардың», «айтқыштардың», небір «көсем-білгіштердің» арандатуына ермейік. Ең алдымен, ҰҚШҰ жасақтары террористерге қарсы арнайы операцияларға қатыспайтынын, мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар нысандарды күзететінін білген жөн. Себебі, аталмыш ұйымның негізгі мақсаты – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау.
Ел басына күн туған сәтте аққу, шортан, һәм шаянның кебін кешпей, бір мақсат-мүдде, яғни тәуелсіздігіміздің іргесін берік сақтап қалу үшін Бас Қолбасшы, Президентіміз, Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасына жұмылуымыз керек. Осындай қиын-қыстау күндерде бірлік қажет, Отанымыздың іргесі биік, керегесінің берік болуы әрқайсымызға байланысты.
Нұрдәулет Айсағалиев,
волонтер.
Ақжайық ауданы