17.02.2022, 17:45
Оқылды: 61

ҚР Жазушылар Одағына өтті

Жуырда Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының ұйытқы болуымен Қазақстан Жазушылар Одағының жергілікті мүшелері Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында бас қосты. Жиынды Одақтың БҚО филиалы директоры Бауыржан Халиолла жүргізді. Шара барысында белгілі қаламгер, жерлес ақын Закария Жүсіпқалиұлына Жазушылар Одағына қабылданған мүшелік билеті мен Жанғали Набиуллин атындағы төсбелгі табысталды.

ҚР Жазушылар Одағына өтті (3)
Қағазға түсіріліп, мөрі басылған «сценарийден» тыс, емін-еркін басқосуда аға буынның да, жастардың да пікір алмасуы үстел басында өрбіді. Өңір әдебиетіне қатысты түрлі ұсыныстар да айтылды.
- ҚР Жазушылар Одағына мүшелікке өткеніме өте қуаныштымын. Бұрыннан кейінге ысырылып келе жатқан маңызды шаруалардың бірі еді. Сәті енді түсіп жатыр. Одақты кезінде мүйізі қарағайдай жазушы-ақын ағаларымыз басқарды. Қазір де бұл одақтың жұмысы жүйелі, маңызды шаралары да көбейе түсті. Қаламды серік етіп келе жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. Жазғандарымның бәрі ел-жұртымның көз алдында. Елдің алғысы, жерлестердің шынайы ықыласы барлық құрметтен жоғары, - дейді қаламгер ағамыз қуанышты сәтімен бөлісіп.
Закария Сисенғали жауапты қызметтерде жасай жүріп, шығармашылықпен өнімді айналысқан санаулы жерлес қаламгерлердің бірі һәм бірегейі. «Сөйлейді уақыт», «Әнім сенсің – Жаңақала», «Ақ ниет», «Шындық шырайы», «Ән тербейді жүректі», «Жылдар, ойлар», «Жұмақ мекен Жаңақала» тағы басқа бірнеше кітаптардың авторы. Бітім-болмысы, жан-дүниесі әдебиетпен егіз, туған жері үшін үндемей жүріп үлкен шаруалар тындырған ағамыздан әлі де мықты тың туындылар күтеміз.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале