17.03.2022, 16:15
Оқылды: 112

БҚО әкімдігі мен «Қазақ тілі» қоғамы» бірлесіп жұмыстанбақ

Облыс әкімдігі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалы кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, аталған қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, басқа да тілші-ғалымдар және онлайн байланыс арқылы «Қазақ тілі» қоғамының аудандардағы бастауыш ұйым өкілдері қатысты.

1 (6)

Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту әлі күнге өзекті. Халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 23 ақпанда әділет департаментінен қайта тіркеуден өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Орал қаласында және Шыңғырлау, Бөрлі, Жәнібек, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарында құрамында 500-ге жуық мүшесі бар филиалдың 42 бастауыш ұйымы ашылды. Бүгін облыс әкімдігі мен қоғамдық бірлестік және оның филиалы мен тілдерді дамыту басқармасы арасында мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылады. Мемлекеттік тіл мәртебесін жалаң ұранмен емес, нақты іс, нақты қадамдар арқылы көтере аламыз, деді Бақытжан Нарымбетов.

Басқосуда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев былтыр «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты жауапты құрылымдар тиісті деңгейде жұмыстану қажеттігін, әсіресе кейбір аудан тұрғындары аталған заңның 21-бабына сай көрнекі ақпаратқа қатысты сын-ескертпелер ескерілмей қалып жатқаны туралы басқармаға жиі шағымданатынын айтты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев «Ұрпағыңа ие бол, ағайын!» іс-шаралар кешенін жүзеге асыру басталғанын хабарлады.

1 (27)

«Ақпан айынан бастап өңірдегі мемлекеттік тіл ахуалына қатысты ақпараттық-талдау жұмысы жүргізілуде. Алдымен, жас ұрпақтың мемлекеттік тілде білім алуына қатысты мәселелерді сараптап, оған қатысты зерттеу қорытындысын жан-жақты талқылаймыз. Одан кейін жергілікті атқарушы құрылымдарға нақты ұсыныстар жолданады. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» өзара әріптестікті нығайтуға байланысты ортақ келісімге келген еді. Соның ауқымында орталық кеңсе біздің жобамызды мақұлдап, республика бойынша жандандыруға мүдделі болып отыр», деген Болат Жексенғалиев бірлестіктің іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Дөңгелек үстелде облыс әкімдігі мен халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамы» қоғамдық бірлестігі арасындағы мемлекеттік тілді дамыту бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында өзара келісім туралы меморандумға қол қойылды. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мен тілдерді дамыту басқармасының арасындағы осындай келісім де күшіне енді. Кеңес отырысында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев мемлекеттік тілдің беделін көтеру мақсатында іс-шаралардың жүйелі жүзеге асуына атсалысатынын айтты. «Тілдің ұмытудың салдары қандай қасіретке душар ететінін әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Меморандум аясында белгіленген әрбір іс-шара нақты орындалуы керек. Ортақ істі жұмыла жүзеге асырайық»,  – деп түйіндеді сөзін профессор.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале