Екі жылдан бері той тойламаған елімізден карантин шаралары алынып, Әз-Наурыз мерекесі алдында өңірдің жасыл аймаққа өткенін жақсылыққа балауда. Тойды сағынған ағайын ауа райының қолайсыздығына да назар аудармауда. Көріс басталғалы Бәйтерек ауданында той тарқамады. Бірі мерекелік дастархан жайса, енді бірі спорттық шара ұйымдастыруда.
Жуырда "Белес Агро" агрохолдингінің басшылығы жұмысшылары мен холдинг құрамына кіретін компаниялар арасында Наурыз мерекесіне арналған волейбол турнирін ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын насихаттап, холдинг компаниялары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен бәсекеге "Авангард", "Аққайнар", "Пойма астық", "ПМК", "Белес Агро" командалары қатысты.
Қорытындысында үшінші орын "Аққайнар", екінші орын "Белес Агро" командасына бұйырса, "Авангард" ЖШС-нің ұжымы жеңімпаз атанды.
Қызықты бәсекеде үздік өнер көрсеткен Аслан Жұмалиев пен Анатолий Санковский "Үздік шабуылшы", Абат Иманқұлов "Үздік қорғаушы", Алексей Апанасенко "Үздік ардагер спортшы" атанса, Салихан Шәмешов "Үздік ойыншы" аталымын жеңіп алды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жұмысшыларға мереке сыйлағаны үшін холдинг қызметкерлері бас директор М. Жәкібаевқа, "Авангард" ЖШС директоры С. Ихсановқа, А. Рыбалченко мен спорт ардагері К. Байбуловаға ерекше алғыстарын білдіреді.
Сонымен қатар еңбеккерлер жарыс өткізуге көмек көрсеткен "Бәйтерек" спорт клубына да ерекше алғысын айтады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz