Ұлық мереке - Ұлыстың ұлы күніне арналған Дариян ауылы орталығында өткен Наурыз тойын көргенде арманда, көрмегенде арманда болды.
Орталық алаңға қаз қатар тігілген темір сүйекті қазақ үйлерді аралаған елді сахнада шырқалған әуезді ән елітіп, ет қайнаған қазанның буы балқытты.
Ұлттық киімі қонымды келіндер ұсынған наурыз көшеден дәм татқан ағайын мәре-сәре болды.
Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар және аудан басшылары бастаған жұрт жергілікті өнерпаздар дайындаған концертті асыға күтті. Тамаша қойылым басында ер-тұрманы күмістелген махаббат символы Төлеген мен қос етек бүрмелі көйлек киіп, шашбау таққан Қыз Жібек ортаға еніп, ағайынға Наурыз келгенін сүйіншіледі. Кейін ақ жаулықты әжелер шығып, алас айтты. Одан соң ақ батасын арнаған Қыдыр ата ел амандығына дұға етті. Қыз-жігіт алтыбақанда шалықтай күліп, жарасым тапқан жастар, кимешек киген әже мен ақ шапанды аталардан қол жайып, ақ бата сұрады. Бір сөзбен айтсақ, Дариян төрі Әз-Наурыз нақышын айшықтай түскен көз тартар көрініске айналды.
- Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Жер-жаһанның жаңаруының белгісі болып саналатын осынау тамаша мерекеде әр шаңыраққа мол қуаныш пен бақыт тілеймін! Халқымыз ежелден жыл басына санаған, ұлы күнге балаған Наурыз мейрамы ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы.
Халықтар арасындағы достықты бекітуде, татулық пен келісімнің нығаюында, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруында бұл мейрамның орны ерекше. Наурыз мейрамынан бастау алатын жаңа жылда осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді заман талабына сай жетілдіре түсетін боламыз. Әр тұрғынның, әр отбасының әл-ауқатының артуы біз үшін қай кезде де басты міндет болып қала бермек.
Сондықтан бұл жылы да осы мақсаттағы жұмыстар жалғасын тауып, белгіленген шаралар өз кезегімен жүзеге асырыла береді. Наурыздың көктемгі шуағы баршамызға ырыс-береке, бақ-дәулет әкелсін! Қазақ елінің туы әркез биікте желбіреп, берекесі арта берсін, - деді жиылған елді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған аудан басы Марат Тоқжанов.
Одан соң ел дала қызықтарын тамашалады. Белді жігіттер қой көтерсе, білектілер гір лақтырып көпшілікті таң-тамаша етті. Сонымен қатар күш сынасқан жігіттер де қол күресіне тігілген бәйге үшін таласты. Күрессіз тойы өтпеген қазақпыз. Сол себепті палуандар бәсекесін тамашалаушылар да көп болды. Ауылдың түйе палуандары сынын қызықтаған ағайын сүйікті күресшісін қиқулай қолдап, әр ұпайлы әдіске тамсана қол соқты.
Сондай-ақ жұрт палау пісірген аспаз бен қазақы үй ішін аққа толтырған қызметкерлерге де ризашылықтарын білдірді.
Таңертеңнен тал түске дейін ауылды думанға бөлеген дарияндықтар бір-біріне ақ тілектерін арнап тарқасты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz