3.04.2022, 0:09
Оқылды: 40

Мейірім волейболы

Бәйтерек ауданы, Краснов ауылдық округінің Погодаев ауылындағы мәдени-спорт кешенінде волейболдан ауданаралық қайырымдылық турнирі өтті.

IMG-20220402-WA0095

Трекин ауылының тұрғыны, 2017 жылы туған Шафхат Батыр Өмірбекұлының еміне қажетті қаржы жинау мақсатында өткен жарысқа Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Казталов аудандарының Қос өзен, Әжібай командалары және Трекин ауылының волейболшылары қатысты.

Көмекке шын мұқтаж жанға қол ұшын беру сияқты игі бастаманы алға қойған жарысқа қатысушы әр команда 30 мың теңге жарна алып келді. Сонымен қатар «Асан ауыл» ЖШС директоры Бейбіт Асанов, ауылдағы мекеме қызметкерлері мен тұрғындар да бүлдіршіннің еміне қажетті қаражат салып, қолынан келген көмегін көрсетті.

- Спорт - тек тартыс емес, ол да әлемге жанашырлық нұрын сеуіп, көмек керек жанға қол ұшын беруге сеп болады. Соны дәлелдеп, ауылға өңірдің үздік волейболшыларын жинап, тамаша жарыс өткізген волейбол жаттықтырушысы Жігер Сатқановқа алғысымыз шексіз. Бастамашы болып жарысты ұйымдастыруға атсалысқан әр жанкүйер мен тұрғынға да алғысымызды білдіреміз. Ораза айында істеген қайырымдылық еселеніп қайтсын, - дейді Краснов ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев.

Сондай-ақ жарысқа арнайы келген кішкентай Батырдың анасы Кәмшат Қондыкерова сайыс ұйымдастырушыларына алғысын әнмен білдірді.

Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс өткен қайырымдылық турнирі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Әр кездесу ғана емес, әр сәт тартысқа толы болды. Қорытындысында үшінші орын Бөрлі, екінші орын Казталов ауданы Әжібай ауылының волейболшыларына бұйырса, бірінші орынды Сырым ауданы командасы жеңіп алды.

Одан бөлек, жарыс барысында үздік өнерімен көзге түскен Даурен Төлегенов «Үздік либеро», Темірлан Шарухин «Үздік қорғаушы», Еркебұлан Шату «Үздік байланыстырушы», Эльдар Орашиев «Үздік шабуылшы» атанса, жарыстың «Үздік ойыншы» атағын Илья Омаров жеңіп алды.

Қайырымдылық жарысынан түскен қаражат арнайы есепшотқа аударылды.

 

Түгелбай Бисен, 

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале