20.04.2022, 11:30
Оқылды: 67

Бөрліге қари келді

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы»,– деген.

9

Бұл біз тілдескен Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Ерлан Әйтеновтің сөзі болатын. Одан әрі ол: «Қазақстандықтар бірте-бірте қалыпты өмірге қайта оралуда. Екі жылға жуық уақыт ел карантин шектеулеріне бағынып өмір сүрді. Бұл жағдай діни орындарға да әсер етті. Пандемияның бірінші жылында мешіттер жабылса, 2021 жылы коронавирусқа байланысты адам аз жиналды. Ал одан кейін жағдай тұрақтала бастаған кезде адамдар жамағатпен қайта намаз оқи бастады. Мешітке тұрақты келіп жүретін үлкендер биыл карантиндік шектеу алынғалы мешітке келушілердің қатары әлдеқайда көбейгендігін айтады», - дейді Ерлан Бауыржанұлы.

Түркиядан келген

Қасиетті Рамазан айында барлық мешіттерде Құран-хатым түсіріледі. «Құран хатым» дегеніміз – Құранды бастан-аяқ оқып шығу деген сөз. Яғни Құранды толық білетін қарилар тарауих намазында күн сайын Құранның бірнеше парасын оқып, ораза біткенше отыз параны толық аяқтайды. Шариғатта Құран оқылған жерге көп уақытқа дейін жамандық жоламайды, тіпті қасиетті Құран оқылған кезде періштелер де жерге түсіп, тыңдайды делінеді.

Ұлық айда, жамағатқа Құран-хатымды оқу үшін аудандық мешітке Түркиядан қари келді.

7

Айта кетейік, ҚР ҚМДБ, яғни екі елдің (Қазақстан мен Түркия) мүфтиятының келісімімен Қазақстанға 60-қа жуық қари келсе, оның екеуі БҚО, соның ішінде бірі Орал қаласындағы орталық мешітке, бірі Ақсай қаласына бөлінген. Біздің ауданға келген қаридың аты -жөні Абдулла Доған. 44 жастағы қари 11 жасында қари атанған. Стамбұл қаласындағы бір мешітте бас имам. Оған қоса Стамбұл медресесінде қарилар мектебінде ұстаз болып қызмет атқарады. Абдулла Доған бөрліліктер үшін тарауих намазына қатысып, көпшілікті 30 күн бойы Құран нәрімен сусындатпақ.

- Ұстаз қари Құранды жатқа білетін діни сауатты жан. Біздің ауданға келгеніне аса қуаныштымыз! Рамазан айының қадір-қасиетін арттыратын тарауих намазының  осындай қарилардың қатысуымен өтуі нұр үстіне нұр болып отыр,- дейді бас имам.

Қайырымды айдың қайырлы ісі

-Биыл көпшілікке мәлім болғандай пітір садақа мөлшері 500 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері екі келі ұнның орташа құнына қарай анықталды. Өткен жылы міндетті садақа 420 теңгені құраған. Жер-жерде дін қызметкерлері садақа, зекет және басқа да садақаларды үйлестіріп, таратады. Олар Рамазан айы бойы өңірлердегі әкімдіктермен бірлесе отырып, мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, барлығына көмек көрсетеді. Осы ретте біз де аянып қалмағымыз жоқ. Жақын күндері, нақтырақ айтсақ, Рамазанның соңғы он күндігінде аудандық мешіттің еріктілерінен құралған «Берекелі жамағат» тобы жылдағы дәстүрмен 30 отбасын азық-түлікпен қамтуды, сонымен бірге «Тегін такси» акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз,- деп сөзін тәмамдады.

8

Сондай-ақ бас имам мешіт жанындағы асханада ауызашар күн сайын 100 кісіге беріліп жатқандығын және Рамазан айының соңына дейін ауызашар өткізілмей қалған бос орын жоқ екендігін жеткізді.                                                   

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале