Орал қаласы әкімдігі Оралда шенеуніктер пәтерлерді заңсыз берді деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мәліметінше, кезекте тұрған 189 адам тізімнен шығып қалған, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".
Қала әкімдігі өкілдері өз тарапынан ешқандай қателік болмағанын мәлімдеген. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев үй кезегінде тұрғандар заң бойынша есептен шығарылатын жағдайлар бар екенін атап өтті.
"Заңға сәйкес, баспана кезегінде тұрғандардың жеке баспанасы болса немесе олар басқа қалаға көшіп кетсе немесе мемлекеттік қызметтен шығып кетсе, оларды кезектен алып тастаймыз, бұл - заңды. Көп балалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар есептен шығаруға жатпайды. Көп балалы отбасында тәрбиеленген балалар кәмелетке толған болса, оларды да есептен шығара алмаймыз. Бірақ олардың баспанасы болса немесе көшіп кеткен болса, біз кезектен шығара аламыз. Бізде мұндай 55 жағдай бар", - дейді Қанат Өмірәлиев.
Заңсыз баспана алған 247 адамға келсек, Қанат Өмірәлиев бұл азаматтар тұрғын үй қорынан шаршы метр алғанын түсіндірді. Пәтерлер ротация бойынша басқа облыстан қаламызға келген медицина қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне берілген.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй биыл мамырдағы мәлімет бойынша 13 санат бойынша баспана кезегінде 22 мыңнан астам адам тұрғанын қосты. Негізінен бұл көп балалы отбасылар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, жетім балалар, толық емес отбасылар.
"Бұл санаттар ішінде кезекте тұрғандар да бар, бірақ олардың жеке баспанасы бар. Біз оларды кезектен шығара алмаймыз, бірақ кезекте тұрған адамның екі пәтері немесе жалпы ауданы 280 шаршы метр жекеменшік үйі болған жағдайлар болды. Заң бойынша оларға баспана бермеуге құқығымыз бар, бірақ кезектен шығаруға құқымыз жоқ", - деді Мүлкәй.
Сондай-ақ, БҚО әкімі Ғали Есқалиев те Facebook-парақшасында оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жағдайды жеке бақылауына алғанын жазған.
"Орал қаласы әкімдігіне жан-жақты ақпарат беруді тапсырдым. Егер мақалада көрсетілген деректер расталса, жауапты лауазымды тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселені жеке бақылауымда ұстаймын", - деп жазды әкім.
Еске салайық, бұған дейін Оралда шенеуніктер пәтерлерді заңсыз беріп, кезекте тұрғандарды баспанадан айырғаны хабарланған болатын. Мұны Антикор анықтаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметінше, кезекте тұрған 189 адам тізімнен шығып қалған.