Оралдағы Жастар мәдениет сарайында Қала күніне орай «Туған күніңмен, Оралым!» деген тақырыпта қала әкімінің кубогі үшін «Жайдарман» ойыны өтті.
- Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қолдауымен Қала күні аясында «Жайдарман» ойыны өтті. Бұл жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келе жатқан шара. Ал кеше жастар арасында танымалдылыққа ие қазақша «STАND-UP» жобасын өткіздік. Биылғы ойынның ерекшелігі - тек өңірдегі командалардың қатысуы. Барлығы 10 команданың өнерін тамашаладық. Олардың арасында жоғары лигада, республикалық лигаларда өнер көрсетіп жүрген командалар бар, - деді Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дулат Жүсіпқалиев.
Жастардың шығармашылығын шыңдау мақсатында өткен ойынның басты ұйымдастырушысы - Орал «Жайдарман» лигасы.
Жас жайдарманшыларға Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дулат Жүсіпқалиев, қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Айдана Кеңесова, «Қазақ күресі» ассоциациясы президенті Әсет Сұлтанұлы, қалалық мәслихат депутаты Айнаш Әлібекқызы, «Назар аудар» театрының актерлары Марс Жайлауов пен Самат Қабдиев, республикалық «Жайдарман» ойындарының редакторы Қасиет Кәрім қазылық етті.
Бар жанарды жаулаған жайдарман ойындарының нәтижесінде кубокты оралдық «Талант» командасы жеңіп алды. Ал сырымдық «Көздіғара» командасы ІІ орынға ие болса, қалалық «Дежавю» командасы ІІІ орын алды.
Ерекше ойынымен көзге түсіп, көрермен ықыласына ие болған «Ақтау» командасының ойыншысы Саян арнайы жүлдеге ие болды.
Динара Насыр,
Сурет: Гүлмира Сәрсенғали
zhaikpress.kz