21.10.2022, 10:30
Оқылды: 62

Медиатор мектебі

Аудан мектептерінде туындайтын даулар мен жанжалдарды реттеудің баламалы тәсілі ретінде білім беру қоғамдастығында медиация рәсімін танымал ету, оқушыларға кәсіптік бағдар беру мақсатында қашықтан «Ең үздік медиатор мектебі» аудандық байқауы қорытындыланды. Байқаудың қорытындысы бойынша 11-сынып оқушысы Илияс Жансая ІI орын жүлдегері атанды.

14

Ілияс Жансая Амангелдіқызы қазіргі таңда №4 ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы. Мектепшілік, аудандық және облыстық байқаулардың жеңімпазы. Мысалға алар болсақ, аудандық "Мен болашақ кәсіпкермін! "Бизнес жобасынан 1-орын алса, облыстық кезеңінен алғысхат алған. Облыстық "Мәншүк оқуларынан" 2-орын, облыстық "Театрдың ғажайып әлемі" 3-орын, "Ақберен" аудандық өнер байқауы "Шешендік, білгірлік сайысы" номинациясынан 3-орын иегері. Бұл марапаттың бәрі Жансаяның 2022 жылғы оқу жылында жеткен жетістіктері.

Медиатор мектебі дегеніміз – оқушылардың өз құқығын қорғаудағы шешім қабылдауы. Мектеп медиаторы болу ол екі жақты тең құқықта шеше білуді талап етеді. Жарыс 4 бағытта өткен. Олар «Жанжал және оны шешу» тақырыбында суреттері, мектеп медиациясы қызметтерінің логотиптері, мектеп медиация тақырыбындағы бейнефрагменттер конкурсы және «Медиатор – келіссөздер шебері» эссе байқауы.

15

«Бұл жарыс арқылы мен өзімді жан-жақты көрсете білдім деп ойлаймын. Алдағы уақытта таңдап отырған мамандығым "журналистика" саласы. Өйткені бала кезімнен арманым тележүргізуші болып, халық алдында жаңалықтарды хабарлау. Бұйырса арманыма жетемін деген ойдамын», - дейді Жансая.

Жансая отбасының тұңғышы. Өзінен кейін екі сіңілісі мен інісі бар. Жансаяның отбасы оның шешімін әрқашан қолдап, қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, ақылдарын айтып отырады. Бос уақытында кітап оқып, сурет салып, таза ауада серуендегенді ұнатады. Қазіргі уақытта ол алдағы емтихандарына және ҰБТ-ға дайындалып жүр.

Бұл жарысқа Жансаяны І санатты информатика пәні мұғалімі Ляззат Иманғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері педагог-зерттеуші Ақгүл Каирова мен Алтын Жеңісқызы, көркем еңбек пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Қайрат Зейнуллин, информатика пәні мұғалімі, педагог-модератор Тимур Джумдаев сынды бірнеше жетекші дайындаған.

«Жансая сабаққа алғыр, көркем жазудың, мәнерлеп оқудың шебері. Мектепшілік театр үйірмесінің ең белсенді мүшесі. Басты рөлдерімен аудан, облыс көлемінде жүлде иеленіп жүр. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайтын, өз-өзіне де қоятын талабы жоғары оқушы. Аудандық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасының жүлдегері. Облыстық Мәншүк оқуларының жеңімпазы. Бұл сайыс әр түрлі бағытты, пәнді қамтиды. Мен соның ішінде қазақ тілі пәнінен дайындадым. Жарысқа дайындау барысында біз тақырып бойынша жан-жақты материал жинадық. Барлық ақпаратты оқып, талқыладық. Жансая жазып бітіргеннен кейін, бәрін тексеріп, негізгі және  қорытынды бөлімдерге түзетулер енгіздік», - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтын Жеңісқызы.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале