5.11.2022, 14:57
Оқылды: 80

Бәйтерек ауданында Алексей палуанды еске алу турнирі өтті

Бәйтерек ауданы орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Алексей Пономаревті еске алуға арналған 2010-2011, 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен аудандық ашық турнир өтті.

IMG-20221104-WA0053

Бозкілем бәсекесіне Ақтөбе облысы, Атырау қаласы, Ақтөбе қаласы, Орал қаласындағы №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Жалпақтал ауылы, Теректі, Шыңғырлау, Бәйтерек ауданы, Бірлік, Жұмашев, Деркөл, Жас батыр, Жекпе-жек, Атлант, Арыстан спорт клубы секілді өңірдің алыс-жақын аудандары мен облысынан келген 232 палуан қатысты.

Облыстың үздік жас грек-рим күресі шеберлері мен мықты бапкерлердің басын тоғыстырып, спортсүйер қауымға күрес мерекесін сыйлаған байрақты бәсекені Алексей Пономаревтің шәкірттері ұйымдастырды.

Бар саналы ғұмырын күреске арнаған бозкілем шеберін еске алуға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, БҚО грек-рим күресі федерациясының президенті Әсет Сұлтанұлы, Грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қанат Ғалиев, Грек-рим күресінен әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, Грек-рим күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Досжан Өтепқалиев келді.

IMG-20221104-WA0058

– Аудандағы грек-рим күресінің қарқынды дамуына Алексей Пономарев сүбелі үлес қосты. Бүгінде талай жас буын осы жерде спортпен шұғылданып, жетістікке жетіп жүр. Ғұмырының соңына дейін осы күрестің хас шебері болған Алексей Викторовичтың спортшы шәкірттері бүгінде чемионның ізін жалғап жүр. Переметный төріне келіп, үздік өнер көрсетуге мықты дайындықпен келген жас спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20221104-WA0052

2010-2011, 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынаған бозкілем бәсекесі тартысқа толы болды. Турнирде бір-біріне дес бермеген кіл мықтылардың арасынан жарқырай шыққан жаңа палуандар да көрінді. Жас спортшылардың жеңіске деген құлшыныстары, жігер-намыстары көрермендерді тәнті етті.

– Бүгін ауданымызда грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Алексей Пономаревті еске алуға арналған ашық турнир өтті. Жарысқа 16 команда, 232 спортшы қатысуға ниет білдірді. Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Орал қаласы, екінші орынды Ақтөбе қаласы, үшінші орынды Теректі ауданы иеленді. Осы шараны ұйымдыстырған Алексей Викторовичтың шәкірттеріне және төрешілер алқасына, Бәйтерек ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушыларына алғыс білдіремін. Бұл жарыс ауданымызда үшінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Ендігі кезекте Алексей Пономаревті еске алуға арналған ашық турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болып бекітілді. Сайыс аса тартысты және әділ түрде өтті. Көптеген әдемі әдістер мен көріністердің куәсі болдық, - дейді жарыстың бас төрешісі Нариман Қайырманов.

– Бұл жарысқа өңіріміздің түпкір-түпкірінен мықты жас палуандар келді. Алексей Пономаревті еске алу мақсатында ұйымдастырылған ашық турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биылда осы турнирге қатысуға қызу дайындықпен келдік. Жарысқа «Жас батыр» спорт клубынан 16 бала алып келдім. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Осы жарысқа командалар да мықты дайындықпен келгенін көрсетіп жатыр. Менің қатысушы командам өз бабында, жақсы дайындықпен келдік. Осы шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай турнир өз жалғасын таба берсін, біз жас палуандарды бозкілемдегі тартысты бәсекеге шыңдаудан жалықпаймыз, - дейді жаттықтырушы Ескендір Елеуов.

– Мен осы жарысқа Орал қаласындағы «Жас батыр» спорт клубынан қатысып отырмын. Бүгінгі турнир өте әділ және тартысты өтті. Менің ойымша күрес қызықты және денсаулыққа пайдалы. Мен жаңа бес рет күреске шықтым. Оның үшеуінде қарсыласымды жеңдім. Алдағы уақытта әлі де өзімді шыңдауым керек екендігін түсіндім. Мен болашақта әлемдік грек-рим күресінің чемпионы болғым келеді, - дейді жарысқа қатысушы Нұрбол Байыржан.

IMG-20221104-WA0059

Жарыс қорытындысы бойынша 2010-2011 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында 29 кг салмақ дәрежесінде Нұрасыл Нұрманов (Ақтөбе облысы), 33 кг салмақ дәрежесінде Сұлтан Насиполла (Бәйтерек ауданы), 36 кг салмақ дәрежесінде Арнұр Серік (Теректі ауданы), 46 кг салмақ дәрежесінде Талғат Калиляев (Жұмашев спорт клубы), 50 кг салмақ дәрежесінде Марұлан Аблахат (Жекпе-жек спорт клубы), 65 кг салмақ дәрежесінде Мирас Дәулеткелді (Шыңғырлау ауданы), ал 2012-2013 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында 20 кг салмақ дәрежесінде Бейбарыс Темірболат (Шыңғырлау ауданы), 23 кг салмақ дәрежесінде Аслан Есқаз (Ақтөбе облысы), 26 кг салмақ дәрежесінде Рустам Нұрлан (Бәйтерек ауданы), 29 кг салмақ дәрежесінде Нұртілеу Нұрболатұлы (Ақтөбе облысы), 32 кг салмақ дәрежесінде Байсалбек Ахметжан (Ақтөбе облысы), 45 кг салмақ дәрежесінде Қахарман Тілек (Бәйтерек ауданы) жеңімпаз атанды. Шара соңында жарыс жеңімпаздары медаль және дипломдармен марапатталды.

Альбина Бәтенова,

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале