Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды спортқа тарту мақсатында «Батыс Қазақстан облысының паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері Федерациясы» мүмкіндіктері шектеулі адамдардың спортық жергілікті қоғамдық бірлестігі ауданымызға келді. Қоғамдық бірлестік мүшелерінің, параспортшылардың бойына күш-жігердің мықты. Өмір жолында күреспен келетін олардың табандылығы таң қалдырды. Олар балаларды да өздері секілді спортпен шұғылдануға шақырды.
- Федерация арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа тартамыз. Үйде отырып, өзін қоғамнан оқшау сезінетін комплекстен арылып, ортаға белсенді араласуына көмектесеміз. Біз үйрететін спорттың ішінде бочча – Еуропада кең таралған ойынның бір түрі. Қазақстанға енді келіп жатыр. Ойнау ережесі біздің асық ату ойынына ұқсайды. Облыста боччаға талабы бар он шақты бала бар. Және де қол күресі, волейбол, үстел теннисінен мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтырамыз. Сырым ауданынан жастарды тартып, тәрбиелеп, паралимпиадаға шығарамыз деген ойдамыз, - дейді боччадан төреші Әбубәкір Медетов.
Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды спортқа тарту мақсатында «Батыс Қазақстан облысының паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері Федерациясы» мүмкіндіктері шектеулі адамдардың спортық жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азон Шаймарданов:
- Бүгін Сырым ауданына үстел теннисі, армрестлинг, отырып ойнайтын параволейбол, боччадан шеберлік сағатын көрсету үшін келдік. Өзім спорт клубында аға жаттықтырушымын, армрестлингтен және пауэрлифтингтен халықаралық деңгейдегі спорт шеберімін, Қазақстан, Азия чемпионаттарының алтын жүлдегерімін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубымыз 2016 жылы ашылды. Алты жыл бойы 15 паралимпиадалық спорт түрлерін дамытып келеміз. Клубта 200-ден астам спортшы жаттығады. Біздің спортшыларымыз паралимпиада және сурдлимпиадаға қатысып жүр. Паралимпиадада бір қызымыз сурдодзюдодан қола жүлдегер атанды. Парармреслингтен Анталияда өткен Әлем чемпионатында Батыс Қазақстан облысы командасы бірінші орын алды. «Батыс Қазақстан облысының паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері Федерациясы» бочча ойынын дамытуды қолға алды. Бочча – паралимпиаданың барлық санаттарына сай келетін спорт. Әсіресе, ДЦП диагнозы қойылған, орталық жүйке жүйесі зақымдалған және омыртқасының ауыр жарақаттары бар жандар үшін өте пайдалы. Сырым ауданында да бочча спорты бойынша паралимпиадаға балаларды дайындауды қазірден бастау керек. Қай жағынан болса да мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдауға дайынбыз, - дейді.
Боччадан облыс бойынша аға жаттықтырушы Азон Шаймарданов, пара үстел тениисінен Абат Ажғалиев, параволейболдан, парармрестлингтен Нұрхан Әдиетов ойын ережелерін үйретті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шеберлік сағаты балаларды да, ата-аналарды тәнті қылды. Балалар бочча, үстел тениисі, армрестлинг, параволейбол үйреніп, ойнап, қызыққа кенелді. Балалардың көңілі бөлініп, сергіп, қуанышқа бөленгенін көрген ата-аналар ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубтары жұмыс жасаса деген ұсыныстарын білдірді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz