Былтыр жылдың аяғында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң наурыз айында күшіне енеді. Бұл заң бізге не береді? Халыққа тиімді бола ма? Қарызға белшеден батқан халықты құтқара ма?
Біз осы сұрақтарды белгілі адвокат, «Дом Права» адвокаттық кеңсесі төрағасының орынбасары Жомарт Ерназаровқа қойдық.
Екінің бірі түсіне бермейтін заңның тілін кез келген адам түсінетіндей етіп, «адам тілімен» түсіндіріп беруін сұрадық.
Сонымен Жомарт Тілекқабылұлы былай дейді:
– Бұл көптен күткен заң. Бұл заңды қабылдау туралы 10 жылдан бері айтылып келді. Бүкіл демократиялық елдерде бұл заң бар. Көршілес Ресейдің өзінде бұл заң бар. Бірақ олар да қиындықтар туып, осы заңға мораторий жариялау мәселесін қарастырып жатыр. Бүгінгі таңда миллион жарымнан астам адам қарызға батып, 12 айдан астам уақыт кредиттерін процентпен төлей алмай отыр. Бұл қарыз төленбейтін ақша, олар оны өтей алмайды. Сондықтан адамдар ресми жұмысқа кірмейді. Ресми жұмысқа кірген жағдайда алған ақшасының барлығын ұстап қалады. Сондықтан таксист болады, жасырын жұмыс істейді. Ақшаны конвертпен алады. Ал бұл жасырын экономика. Үкімет оны түсініп отыр, сондықтан да осы заңды қабылдады.
Жақсы заң қабылданды. Енді ол қалай жұмыс істейді. Қай топтағы азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алады. Бұл туралы адвокат бізге түсіндіріп берді.
– Мен бірінші мынаны айтқым келеді. Азаматтардың банкроттық деп тану туралы заңды рақымшылықпен шатастырмауын сұраймын. Қаржылық рақымшылық жасалса сіздің қарызыңыз жабылды, болды, сіз тазасыз. Сіз екінші күні банкке барып тағы кредит ала аласыз. Ал егер адамды банкрот деп таныса, оның барлық кредиті жабылады, қарызы жойылады. Қарызбен бірге банктің есігі де жабылады. Нақтырақ айтсақ, ол азамат енді 5 жылға дейін ешқандай кредит ала алмайды. Сондықтан біздің азаматтарымыз өзін банкрот деп жариялау үшін алдымен қаржылық сауатын көтеру керек шығар. Осы мәселені толыққанды зерттеп, түсініп алу керек. Негізі ол заңда да көрсетілген. Қаржылық білім беру. Яғни, азаматардың қаржылық сауатын көтеру үшін жұмыстану қажет.
«Әйтпесе ертең азаматтар, осы заңды пайдаланып, қарыздарын жауап алып, маған шұғыл ақша керек, мен неге кредит ала алмаймын деп наразылық танытуы мүмкін ғой», - дейді заңгер.
Бүгінде еліміз бойынша тұтынушылық кредит алып, қарызға белшеден батқан азаматтар көп. Тіпті несиесін төлей алмай ақырында өзіне қол жұмсап жатқан азаматтар қаншама. Осы заңды қабылдаудағы мақсат та сол. Халықтың жағдайын жақсартуға сеп болу. Тек азаматтар соны дұрыс түсініп, дұрыс қолданса.
Сонымен жеке тұлға өзін қай кезде банкрот деп жариялай алады?
Біріншіден, кредитін бір жыл бойына төлей алмай жүргендер. Екіншіден, қарызы 5 млн 500 мыңға дейін болуы керек. Үшіншіден, ол адамның ешқандай мүлкі болмауы шарт. Еш мүлкі болмай, қарызы 1 600 айлық есептік көрсеткішке (5 млн 500 мың) жетпейтін болса, онда ол азамат өзін сотқа дейін банкрот деп жариялауға өтініш бере алады.
Қарыз сомасы әркелкі болуы мүмкін. Мысалы, екі жүз мың, бес жүз мың, 1 млн кредиті бар делік, соны төлей алмай отырғандар осы заң аясында өздерін банкрот деп тануға өтініш берсе болады. Арнайы құрылған комиссия өтінішті қарап, сізді банкрот деп тауып, барлық кредитіңізді жабады.
Ал егер сіздің қарызыңыз 5 млн 500 мыңнан асып кетсе, және басыңызда үй, астыңызда көлік болса, яғни мүлкіңіз болса онда мәселені сотпен шешесіз. Сотқа арыз бересіз, сот сіздің жағдайыңызды тексереді.
Осы мәселеде ескерілу керек тұстар бар. Ол туралы Жомарт Ерназаров былай деп түсіндірді.
– Егер азаматтың жалғыз үйі болып, бірақ ол кепілде тұрмаса, банк оны тартып ала аламайды. Тек банкрот деп танып, кредитін жауып тастайды, сонымен болды. Егер сіз үйді ипотекаға алып, оны төлей алмай отырсаңыз, онда үйді алып, қарызды жабады. Ал егер сіздің үйіңіз бұрыннан бар, бірақ басқа 5 млн кредитті төлей алмай отырсаңыз онда сіздіғ үйіңізге тимейді. Банк тартып алмайды. Банк тек ипотеканы төлей алмай отырғандарды ғана банкрот деп таныса, үйді тартып алады. Сізді банкрот деп танып, қарызыңызды жабады. Ал қазір жағдай қандай? Адамдар да қарыз көп, жалғыз пәтері бар. Ол пәтер кепілде тұрмаса да банк тартып алуда. Содан келіп өзін өртеу, аштық жариялау дегендер көбейіп жатыр. Бұл заң сол азаматтардың жалғыз пәтерін тартып алмау мәселесін де қарастыруда.
Бұл заңды оқып алып, несиесін төлей алмай жүргендердің бәрі бірдей банкке жүгіріп кетуі мүмкін. Айта кетейік, асықпаңыз. Банкрот деп танылуға асықпаңыз. Себебі бір рет банкрот деп танылсаңыз, бес жылға дейін несие ала алмайсыз, ипотека рәсімдей алмайсыз. Енді қайтесіз? Бұл мәселе заңда қаралған.
– Банкрот деп тану мәселесіне бармай тұрып азаматтар қаржылық сауатын көтергендері дұрыс. Себебі мұның механизмі өте көп, әрі күрделі. Мәселен, банкрот деп танылмас бұрын, бәлкім қаржылық жағдайын түзеу үшін қаржылық оңтайландыру жүйесін пайдалану керек шығар. Заң бойынша оған рұқсат етіледі. Бұл қалай жүзеге асады? Біріншіден, сот арқылы жаңа график жасалып, несиенің мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Екінші жағдай, клиенттің жағдайы түзелгенше қарызды тоқтатып қою. Мысалы 5 жылға несиеңіз тоқтады. Банк сізді 5 жылға дейін мазаламайды. Сіз жұмыс істейсіз, жағдайыңызды түзейсіз. Жалақыңыздан ұстап қалмайды. Кейін мерзімі келгенде тоқтап тұрған несиеңізді ақырындап төлеп бастайсыз. Және сол 5 жыл ішінде сізге ешқандай өсім (пеня) ойнамайды. Қалай алдыңыз, дәл сол күйінде қайтарасыз, - дейді Жомарт Тілекқабылұлы.
– Қаржылық оңтайландыру әдісінің де тиімді тұстары бар. Жағдайыңыз түзелгенше кредитті тоқтатып қоюға болады. Ең бастысы қалаған уақытыңызда қайтадан несие ала алсыз. Ал, өзін банкрот деп танығандар несие ала алмайды. Келесі 7 жылға дейін банкроттық дегенге қатыса алмайды.
Шынымен жауапкершілігі бар, бірақ жағдайы көтермейтін азаматтар болады. Талай адам «мен төлеймін кредитті, тек жағдай беріңдерші, уақыт соза тұрыңдаршы» деп жүр. Міне осындай азаматтар қаржыны оңтайландыру әдісін қолданса болады деп кеңес береді заңгер.
Банкрот деп жариялай салу да тектен текке жүрмейді. Оның да есебі, бақылауы бар. Азаматтар өзін банкрот деп жариялағаннан кейін оның артында үш жыл қаржылық бақылау жүреді.
Мысалы, сіз өзіңізді банкрот деп жариялап, төлемей жүрген кредитті жауып тастап, екінші күні астыңызға көлік мініп, қымбат үйде тұрып, шетелге демалысқа кете алмайсыз. Ол үшін жауапкершілік бар.
Мұндағы мақсат азаматтар тарапынан болатын алаяқтық әрекеттер мен өтірік банкроттыққа жол бермеу үшін бақылау болып табылады.
Бұдан бөлек егер сіз өзіңізді банкротпын деп тануды шешсеңіз үш жылға дейін ештеңе сатпаған болуыңыз керек.
Мәселен, заң наурызда күшіне енеді. Сіз несиені қазір төлей алмай отырсыз. Сіз соны пайдаланып өзіңіздің үйіңізді, көлігіңізді тездетіп жақын адамдарыңыздың атына аударып, «сатып» жібердім деген желеумен сотқа бардыңыз делік.
Сот сіздің соңғы үш жылда жасаған сауда әрекетіңізге қарап, банкрот деп жариялаудан бас тартады. Себебі сол «сатып» жіберген мүлкіңіздің ақшасы несиені жабар еді деген логика ғой.
Банкрот туралы заң қабылданды, бұл бүкіл халықтың кредиті жабылады дегенді білдірмейді. Баланс сақталу керек, әйтпесе банктердің өзі банкрот болады ғой, - дейді заңгер Жомарт Тілекқабылұлы.
Азаматтарды банкрот деп тану да үлкен жұмыс. Бұл жұмыстың бәрімен заңгерлер, қаржылық бақылаушылар, есепшілер, аудиторлар айналысады. Олардың қызметі ақылы. Ал, несиесін төлей алмай отырған адам қаржылық бақылаушының еңбегін төлей ала ма? Егер жоқ төлей алмаймын десе онда мемлекет оған қажетті маманға төлейтін ақша бөледі, - деді белгілі заңгер Жомарт Ерназаров.
Банкроттық мәселесімен салық органдары айналысады. Біз БҚО Кірістер департаментіне хабарласып қазіргі жағдай туралы білдік.
«Азаматтарға заңды түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы өтініштер электронды түрде қабылданатын болады. Біз Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе E-salyq жүйесі арқылы жұмыс істейтін боламыз», - деді БҚО Кірістер департаментінің маманы.
Наурыз айында заң күшіне енген бойда азаматтар қажетті жүйелер арқылы өтініш бере алады.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz