18.01.2023, 18:00
Оқылды: 55

Жас сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде жақында ғана Отанға адал болуға ант берген жас сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды. 

1

Жас жауынгерлерге қару тапсыру салтанатты шарасы әскери бөлімінің саптық алаңында өтті.  Өткізілген шараға офицерлер мен сержанттар, Ұлттық ұлан ардагерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында сөз алған бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Думан Галеев жауынгерлерге ізгі тілегін жеткізді.

 

- Құрметті офицерлер мен сержанттар және сарбаздар! Біз бүгін Отанға адал қызмет етемін деп әскери ант қабылдаған жас сарбаздарға, салтанатты  түрде жауынгерлік қару табыстадық. Сіздер алдағы уақытта өздеріңізге бекітіліп берген штаттық қарумен жауынгерлік қызметтеріңізді атқаратын боласыздар. Сіздердің алдағы қызметтеріңізге тек табыстар тілей отырып, бейбіт аспан астында қызмет етіп, қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында қолдануларыңызға тілектеспін, - деді подполковник Думан Галеев.

2

Жас сарбаздарға жауынгерлік қаруды табыстау рәсімі аяқталғаннан кейін, қарудың атауы мен нөмірлері берілген күні сарбаздардың әскери билеттеріне жазылды.

Ендігі кезекте жас жауынгерлер Орал қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде күзету қызметін атқаратын болады.

Жалпы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналғанын айта кетейік.

Ертуған Әубакир,

капитан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале