Биыл «Жайық Пресс» медиахолдингі 20 жылдығын атап өтеді. Бұл датаның ұжым қызметкерлері үшін маңызы зор. Өйткені «Жайық Пресс» көптеген кәсіби маманды қанаттандырып ұшырды.
Сол кезеңде «Орал өңірі» және «Приуралье» сияқты қос облыстық газет редакциясын қанатының астына алған холдингтің мұрындық болуымен облысымызда «Жайық дәрігері», «Жайық ардагері», «Жайық арулары», «Жайық жастары», «Әділет» сынды салалық басылымдар екі тілде шыға бастады.
Бұл газеттердің бастауында Амантай Боранқұл, Энгельс Шыңғали, Серік Ихсанғали, Мәжит Қайырғалиев, Тәрбие Смағұлова, Владислав Ярлов, Ұлдай Сариева, Роза Сыйықова, Ғайсағали Сейтақ сынды аға буын журналистер тұр. Сол кездегі мамандар Тоқтар Кенжеғалиев пен Мира Шүйіншалиева «Жайық жастары» жастар газетінің редакциясын басқарды. Салалық басылымдар жас кадрларды іріктеуге, олардың толыққанды журналист болып қалыптасуына сеп болды. 2006 жылдың наурызында «Жайық Пресс» облыстық коммуналдық кәсіпорны «Жайық Пресс» ЖШС болып қайта құрылды. Бес салалық басылым екі облыстық газеттің позициясын нығайту үшін қайта құрылып, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінде түрлі салаға қатысты мақала-материалдар жиі жарық көре бастады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz