14.02.2023, 12:45
Оқылды: 169

Ауған ардагерлерімен кездесті

Сырым аудандық мәдениет үйінің фойесінде  «Ауған ардагерлеріне тағзым» атты ауған соғысының ардагерлеріме кездесу кеші өтті.

ДК ауған

Шараға аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Мұрат Сәрсеев, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Айдарханов, ауған соғысының ардагерлері Аяпберген Төлепбергенұлы,  Қази Төлегенов,  Ермек Рахметов,  Жанболат Матышев және мектеп оқушылары қатысты.

Алдымен М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап көрмесі таныстырылды. Аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев сөз сөйлеп, он жылға созылған қарулы қақтығыстың зардабы қаншама отбасына, қаншама анаға ауыр тигенін, берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, ерлік пен өрлік көрсетіп, Ауған шекарасына аттанған ерлерді жастарға үлгі етіп, отансүйгіштікке, Отан алдындағы борышты өтеуден бұлтармауға шақырды. Ауған соғысының ардагерлеріне  естелік сыйлық табыс етті.

ДК ауған 1

Соғысты кітап бетінен оқып-білген оқушылар қырғынды көзімен көрген  қанды шайқастың тірі куәгерлеріне сұрақ қойды. Ауған соғысының ардагерлері соғыс жайлы естеліктерімен бөлісіп, жастарға  өнеге боларлық әңгіме өрбітті. Ермек Рахметовтың:

«Соғыс болған жерде жоқшылық болады. Жейтін тамақ тапшы. Сондай азықтың қат кезінде таулы жерде бір қой көріп, жауынгерлер сойып жейміз деп қуандық. Бір мезетте бір орыс қойдың мойнын жұлып алардай әрі-бері бұрмалап жатыр. «Не істеп жатырсың?» десек, «Өлтірейін деп жатырмын»,- дейді.

- Ойы – өлтіріп барып, сою. Біз қазақтар, мұсылмандар өлген малдың етін жемейміз, бауыздап, қан шығарып барып, соямыз ғой. Жан-жақтан ойбайлап, қойды өлтіртпей, адалынан сойып жегеніміз бар», -  деп әңгімелеген қызықты оқиғасы шара қонақтарын ду күлдірді.

Ардагерлер Ауғанстанға емес, Германияға барамыз деп ойлағандарын, ауған жерінен бір-ақ шыққандарын, соғысқа әскери тапсырмамен, жастық қызумен барып қалғандарын, бораған от пен оқтың ортасында қорқыныш бойларын билегендерін, елге аман оралуға деген сенімінен гөрі, күдігі басым болғандарын айтты.

Шарадан кейін аудандық мәдениет үйінде ауған соғысы жайында деректі фильм көрсетіліп,  әсем әндер әуелеген концерт жалғасын тапты.  Аудан көркемөнерпаздары патриоттық рухты еселей түсетін  «Ауған әні», «Жігіттерге өсиет», «Менің қазағым», «Атамекен» әндерін шырқады.  Заманауи қазақ биі де биленіп, өлең оқылды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале