Тайпақ ауылдық округінің Шабдаржап ауылында ат спортынан дүбірлі жарыс өтті. Ауыл үлкендері ақ батасын беріп шығарып салған Алмалы, Тайпақ, Шабдаржап пен Томпақ ауылдарының шабандоздары осы ауылдан округ орталығы Тайпаққа дейінгі 40 шақырымдық жолды еңсерді.
Шабдаржаптық жігіттердің ұлттық ойында шеберлігі аудан, облысқа аян. Сондықтан осында аудандық «Жігер» спорт клубының жанынан ат спорты мектебі құрылған еді. Сол мектеп ұжымының ұйымдастыруымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен өткен бәйгеде 15 шабандоз атқа қонды. Бір сағаттан астам уақыттан соң оларды мәреден тайпақтықтар күтіп алды.
Дала төсін жаңғыртқан бәйгеде үшінші орынды Нұрқанат Әміровтың Ерқанат Әміров ерттеген «Сұңқары» алса, Руслан Жақсымбетовтың «Қаракөзі» (шабандоз Бақтияр Жақсымбетов) екінші болып келді, екеуі де Томпақ ауылынан. Ал Ұзақ қашықтықтан алдына қара салмай келген шабдаржаптық Мақсот Боранқұловтың «Мақсотторысы» бірінші орынға ие болды. Шабандозы – Санжар Қайырғалиев. Оларға округ әкімінің орынбасары Марат Есениязов пен Тайпақтағы спорт мектебінің басшысы Әсет Ғабдулов жүлделерін табыстады.
– Біздің ауылдағы ат спорты мектебінің екі жылда толайым табыстарға қол жеткізді. Жігіттеріміз «Үздік аламан», «Үздік бапкер», «Үздік шабандоз» аталымдарын облыстық жарыстарда алып жүр. Жүлделі орындардан өзге он аттың иелеріне де қаржылай сыйлықтар берілді. Демеушілік танытқан ауыл азаматтары, кәсіпкерлер мен қожалық жетекшілеріне зор алғысымды білдіргім келеді. Олар – Нұрбек Бисенов, Берік Сембаев, Батыр Темірболат және ауылымыздың түлегі, қазіргі кезде Орал қаласында құқық қорғау саласында қызметте жүрген Еламан Еспанов. Спортты, соның ішінде ат спортын қолдайтын азаматтар көбейе берсін, - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, ауыл спорт мектебінің нұсқаушысы, жаттықтырушы Әлібек Қайырғалиев.
Әсет Орынғали
Ақжайық ауданы