14.03.2023, 18:27
Оқылды: 134

Мәдени құндылықтары дамыған мұражай

Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы музей-қорығы – мәдени құндылықтар мен мұраларды сақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын өңірдегі бірегей мұражай. Ол облысымыздың Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан. Биыл музей-қорыққа келетін туристерді қабылдап, ақпараттық-танымдық қызмет көрсететін визит-орталық пен қызметкерлерге қажетті әкімшілік ғимарат салынбақ. Оның құрылысына 432,0 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

WhatsApp Image 2023-03-14 at 16.38.57 (1)

Визит орталықта экспозициялардың егжей-тегжейлі схемасын және электрондық іздеу мүмкіндігін ұсына отырып, келушіге мұражай залдары мен экспонаттарын шарлауға көмектесетін ақпараттық сенсорлық дүңгіршек орнату жоспарлануда. Заманауи медиа-гидтің көмегімен мұражайға виртуалды экскурсия жасауға, мұражай коллекциясындағы көптеген заттарды, соның ішінде қоймаларда сақталғандарын да көруге мүмкіндік туады.

WhatsApp Image 2023-03-14 at 16.38.57

Хан Ордасы музей-қорығы өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы объектілерінің тізбесіне еніп, туристік ағымды 15 000-нан 30 000-ға жеткізу белгіленген. Көршілес Ресей Федерациясының Волгоград, Астрахань облыстарымен шектесетін ауданның туристік әлеуеті де жоғары.
Алдағы уақытта, яғни 2024-2025 жылдары Хан Ордасы музей-қорығында Жәңгір мектебінің мұғалімдері тұрған үйге, «Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейіне», Хан сарайына, «Хан мешіті» мен «Қыздар гимназиясына», «Баспахана музейіне», Бөкей ордасы тарихы музейі орналасқан «Қазынашылық мекемесі» ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ Хан Ордасы ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан музей-қорықтың құрамындағы Хан Жәңгір, күйші Дәулеткерей және ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов кесенелеріне де күрделі жөндеу жүргізу үшін ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленді.

WhatsApp Image 2023-03-14 at 16.38.58
Бөкей ордасы тарихи-музей кешені «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысаны қатарына енген және бүгінде музей-қорық құрамында мемлекеттік қорғауға алынған 13 тарихи-архитектуралық ғимараттар мен 3 кесене бар. Оның ішінде, 7 ғимарат қайта қалпына келтіріліп, музейлендіріліп, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетуде.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале