Зеленов орта мектебін бітіргендеріне биыл 20 жыл болған түлектер өздерінің алтын ұяларына келіп, 20 түп тал-терек екті.
2003 жылы қазақ сыныбы бойынша алғашқы түлектер болып табылатын қыз-жігіттер бұл игі істерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырған. «Қазақ халқында "Туған жерге туыңды тік" деген сөз бар. Осы сөзді жадында сақтаған әр адам, өз туып-өскен жеріне қызмет етуді борышы деп біледі. Соған орай біз өз тарапымыздан мектебімізге осындай бір сый жасауды ұйғардық» дейді «жиырмажылдықтар».
Мектеп директоры Мерхат Есенғалиевтің айтуынша, білім ұясына көптен бері мұндай сыйлық жасалмаған. Жиырма жылдық түлектер осынау істерімен көпке үлгі көрсетті. Ауылдастары оларға риза.
-Бұрын мектебіміздің алдында қараусыз қалып, қаулап өскен терек көп болатын. Ол білім ұясының сыртқы келбетін бұзып тұратын еді. 2019 жылы мектебіміз күрделі жөндеуден өтер алдында ондай теректерді бұтадық. Жөндеуден соң мектептың алдына емен, тополь сынды сән беретін тал-теректерді еге бастадық.
Болашақта бұл жерді шағын саябаққа айналдыру жоспарымызда бар. Таяуда акция өтіп, оқушыларымыз мектептің ауласына жеміс ағаштарын отырғызды. Енді оларды өздері қарап, күтіп-баптайтын болады. Тал-терек, гүл екен кезде биология пәні мұғалімдері оқушыларға оларды қалай егу, баптау, күту керектігі жөнінде жан-жақты мәлімет береді,-дейді Мерхат Кәрімғалиұлы.
Қуаныш Қали,