11.07.2023, 10:15
Оқылды: 204

Білім ордасына – 60 жыл

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың тіректі салалары ғылым мен білімге ерекше көңіл бөліп, бұл саладағы ауқымды өзгерістерді өзінің жіті бақылауында ұстап келеді. Жаңа реформалар аясында жоғары оқу орындарының басқарушылық, білім беру мен ғылыми қызметінің барлық құрылымдық және мазмұндық құрамын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осынау бетбұрысты кезеңмен тұспа-тұс, яғни 2023 жылы Батыс өңіріндегі тарихы терең, бірлігі бекем Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына  60 жыл толып отыр. 

БКАТУ

Бұл тек университет қана емес, еліміздің жоғары білім және ғылым жүйесінің даму тарихындағы маңызды белес. Содан бергі  60 жылда бүгінгі университет қалыптасу мен дамудың өнегелі жолынан өтті. Өңірдің инновациялық өрісіне өлшеусіз үлесі бар білім ордасы еліміздің сұранысына сай кәсіби мамандар даярлаудың жоғары мектебіне, Батыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-инновациялық дамуының бірегей орталығына айналып отыр. Академиялық саясатты қалыптастырудағы сәтті қадамдар, ғылыми ұйымдар  және бизнес қауымдастықпен тиімді ықпалдасу, білікті кадрлар даярлау ісіне жаңа идеяларды жүйелі кіріктіру, оқытушылар, жас ғалымдар мен білім алушыларды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған нәтижелі жұмыстарды ел-жұрт жақсы біледі.

Білім мен ғылымды ұштастырған ұлағатты оқу орны оқытудың заманауи түрлері мен әдістерін, жаңа білім беру технологияларын белсенді енгізіп келеді. Ұжымның алған асуы айтарлықтай, бағындырған белесі баршылық, жарқын жеңісі жетерлік. Оқытушылар мен қызметкерлердің жоғары интеллектуалдық әлеуеті тәуелсіз еліміздің ғылым мен жоғары білім саласын нығайтуға, мәдениет пен спортты дамытуға, кадрлардың жаңа буынын тәрбиелеуге мол мүмкіндік әкелді.

Бүгінгі таңда талап жоғары, жауапкершілік те орасан. Аграрлық аймақ өндірісті аймаққа айналып, өсу жолына түсті. Осындай жауапты кезеңде университет инновациялық дамудың драйверіне айналуы тиіс. Бағындырған белестеріміз уақыт өткен сайын көбейе түссе, барлық жетістіктің кілті –  ұжымның берекелі бірлігі мен еселі еңбегінде жатқаны айқын.

Оқу орнының коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта ұйымдастырылуы, сөз жоқ, даму тарихымыздағы бетбұрысты кезең болды. Ауқымды өзгерістер университеттің өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандар даярлау сапасын көтеруге, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды.

Құрылғанына 60 жыл толған оқу орны  қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де абыроймен атқаруда. Бұл қатарда ел ертеңі – жаста-рымыздың қолжетімді білім алуын қамтамасыз ету, білім алушылардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының оқу ақысы мен жатақханада тұруына жеңілдік жасау, облыс орталығында өткізілетін мәдени, қоғамдық-саяси, тазалық және абаттандыру шараларына белсене қатысу сынды  артықшылықтары жеткілікті.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің менің өмірімде алатын орны ерекше. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бергі барлық саналы ғұмырым,  барлық мақсат-мұратым, тіпті керек десеңіз, арман-қиялымның бәрі де алғаш табалдырығын абитуриент ретінде аттаған Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтымен, қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланысты. Басшылық лауазымның сындарлы сынақтарынан өтіп, бай тәжірибе жинақтадым, болашағыма терең тағылым алдым. Соқтықпалы-соқпақты өмір өткелдерінде осы қара шаңырақпен тоғыстырған тағдырыма ризамын. Өйткені мен осы университетте білім алдым, жоғары білімді маман атандым, отбасын құрып, сәби сүйдім, дос-жолдас таптым. Жылдар жылжып аққан сайын университет менің екінші үйіме айнала бастағандай сезімде болатынмын. Ең алғаш табалдырығын абитуриент ретінде аттаған қара шаңырақта оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, проректор, ректор лауазымдарының бәрінен сатылап өткендіктен, университеттің түрлі жылдардағы қалыптасуы мен дамуы күні кешегідей көз алдымда.

Жәңгір хан атындағы университетте табан аудармай қызмет істей жүріп, қоғамдық-саяси қызметке де араластым. Жалпы айтқанда, менің адам ретінде, азамат, ғалым ретінде қалыптасуыма Жайық жұртының ықпалы көп тиді. Мен осы өлкеге мәңгілікке қарыздармын. Білім ордасының шоқтығы биік, абыройы асқақ болуына еңбек еткен тұлғалардың есімдері көңіл сарайында сақтаулы. Өмірімде дәл сондай болмасам да, ұқсап бағуға тырысып, қараңғыда адасқанда жол сілтейтін темірқазықтай болған жандар бар, жүздеген тамаша адамдармен қызметтес, замандас, жолдас болдым, олардан көп нәрсені үйрендім.

Жоғары оқу орнының дамуына түрлі кезеңдерде оның ректорлары өлшеусіз үлес қосты. Атап айтсақ, Александр Дзержинский, Валентин Иконников, Борис Шах, Николай Шрамко, Сергей Жұбаев және Базар Дамитов, Нұрлан Серғалиев. Олардың бәрі де өз кезеңіндегі жоғары мектептің дарынды ұйымдастырушылары әрі көшбасшылары еді. Бұл азаматтардың әрқайсысы университет тарихында елеулі із қалдырып, оның қарқынды дамуы үшін еселі еңбек етті.

 Оқу бөлмелерін жасақтау, кафедралар құру мен кадр жинау секілді ұйымдастырушылық жұмыстары институттың алғашқы ректоры Александр Яковлевичтің есімімен тығыз байланысты. Валентин Константинович типтік студенттер қалашығының құрылысын қолға алған басшы ретінде ұжым өкілдерінің есінде қалды. Қазақстандағы аграрлық ғылым мен білім саласындағы ірі қайраткер, кейінірек Қазақ АШИ ректоры болған Борис Петрович Шахтың 1975-1985 жылдар аралығындағы ерен еңбегінің арқасында типтік студенттік кешен құрылысы аяқталып, университеттің қазіргі ғылыми-педагогикалық әлеуеті қалыптасты. Николай Васильевич пен Сергей Шұғайұлы жоғары оқу орнының өндіріспен байланысын едәуір нығайтып, білім мен ғылымды мемлекеттік қаржыландыру төмендеген қиын кезеңнің ауыртпалықтарына қарамастан, өздеріне дейінгі басшылар қалыптастырған әлеует пен дәстүрлерді сақтап қалды. Еліміздің жоғары мектебінің ірі ұйымдастырушы-реформаторы, ҚР Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Базар Қабдошұлы білім сапасын стратегиялық жоспарлау мен мониторингілеудің заманауи қағидаларын, білім берудің инновациялық технологияларын белсенді енгізді. Міне, осындай жақсы-жайсаңның көзін көріп, атпалдай азаматтармен қызметтес болу өмірімдегі бақытты сәттерім екенін уақыт өткен сайын түсініп келемін.

Әр жеңіске тынымсыз еңбек, күрделі шешімдер және зор адами әлеует негіз болатындығы мәлім. Бүгінде құрылғанына 60 жыл толып отырған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті еліміздегі іргелі жоғары оқу орнына айналса, батыс аймақтың ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларын қажетті білімді әрі білікті маман-кадрлармен жүйелі қамтамасыз етіп отырса, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосып отырса, осының бәрі, ең алдымен, қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, ұйымшылдық пен ынтымақты сақтап, өз мамандығына деген адалдығынан танбаған университет ұжымының арқасы деп санаймын.

Өңірді жетекші кәсіпкерлік-инновациялық орталығына айналдыру әрі білім мен ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, еліміздің өркендеуіне салмақты үлес қосу – береке-бірлігі  мол ұжымның ең басты мақсаты болып қала бермек.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі жоғары оқу орындарының алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл қатарда өңірлік жоғары оқу орындарының өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділіктің орталығына айналдыру, сонымен қатар ғылым мен жоғары білімді сол өңірдің нақты сұраныстарымен үндестіру басым бағыттар ретінде айқындалғаны белгілі. Білім ордасының бұл белестерді де бағындырары сөзсіз. Батыс өңіріндегі бәсекеге қабілетті білім ордасының болашағы жасампаз, келешегі бұдан да жарқын боларына толық сенімдімін.

Мерейтой – өткенді қорытындылайтын, бүгінгіні саралайтын, ертеңге бағдар құратын сәт. Жәңгір хан есімін иеленген университетіміздің  абыройы асқақтай берсін!

Қазыбай Бозымов,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік  академияның академигі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале