8.08.2023, 14:30
Оқылды: 85

«Ашық есік» күні өтті

Орал қаласындағы №1 халыққа  қызмет  көрсету орталығында «Ашық есік» күні өтті. Аталмыш іс-шараға ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Халықаралық келіссөздер академиясы» Қауымдастығы» ЗТБ-ның сарапшысы Арслан Қарханов және «Халықаралық келіссөздер академиясы» Қауымдастығы» ЗТБ сарапшысы,  жаттықтырушы-медиатор Ислам Болатов қатысты.

IMG_0736

Медиаторлардың негізгі міндеті – отбасындағы қандай да бір дауды немесе түйіні тарқатылмай тұрған мәселені сотқа жеткізбей шешу, азаматтардың құқығына нұқсан келмейтін жолдарын қарастыру. Міне, осы бағытта жұмыстанған мамандар «Ашық есік» күні халыққа медиацияның қоғамдағы орнын, маңызын түсіндіріп, сауалдарына  жауап  іздеді.

– Алдағы күндері Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кетейін, бұл іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен республикалық грант аясында ұйымдастырылуда. Сондай-ақ қыркүйек айында аталмыш республикалық грант шеңберінде 300-ге жуық медиаторды оқыту жоспарланып жатыр. Медиаторлар отбасылық мәселені ғана емес, түрлі қылмыстық істер бойынша да заңға сүйене отырып жұмыстанады. Сол себепті олардың кеңесі халық үшін маңызды, – деді Ислам Болатұлы.

Жалпы өңірімізде 76 медиация кабинеті бар. Облыстық Татуласу орталығының басшысы Алуа Рахишеваның айтуынша, қаңтар айынан бері қарай облыста 168 адам медиатордың көмегіне жүгінген.

– Қазіргі таңда тұрғындардың көпшілігі медиация туралы білмей, бірден сотқа жүгінеді. Сондықтан оларға кеңінен түсінік берген  дұрыс деп есептеймін. Бүгінде жетпістен астам қоғамдық, 18 кәсіби медиатормен тұрақты байланыстамыз. Тағы бір айта кететін жағдай, әр аймақта жеке жаттықтырушы-медиаторлар 30-60 адамға сабақ беріп кетеді. Алайда олай оқығандардың арасында білікті маман боп қалыптасқандар аз, – дейді Алуа Ғилманқызы.

«Ашық есік» күні 15 адамға жылжымайтын мүлік пен жер учаскелеріне байланысты кеңес беріліп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына қатысты мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале