Жалпыға бірдей білім беру айлығы мен 1 тамыздан бастау алған дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен ұйымдастырылуда. Акция барысында аудан мектептерінде «Бақытты балалық шақ мекені», «Балаға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар!», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз!» үндеуімен қайырымдылық марафондары өткізілмекші.
-Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету және барлық мектеп жасындағы балаларды міндетті орта біліммен қамтамасыз ету болып табылады. Екіншіден, бұл акция – қайырымдылық акциясы болғандықтан, көптің қолдауы мен көмегі аса қажет,-дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айгерім Құбаева.
Акцияға орай жеке кәсіпкерлер Ескендір Елемесов пен Айболат Аяпов Т. Жароков атындағы ЖББОМ-ның 20 оқушысына мектепке қажетті оқу құралдарымен демеушілік көрсеткен екен. Сондай-ақ кәсіпкерлер Манарбек Тастанов, Света Исаева, Гүлназ Шатикова, Сәния Сералиева, Қарлығаш Бекесова, Райса Тастанова А. Оразбаева атындағы ЖББНМ-ның, кәсіпкер Серік Сәрсенғалиев №1 ЖББОМ-ның бір топ оқушыларына көмек қолдарын созыпты. Жәрмеңке барысында аталмыш мектептердің директорлары Ермек Жұмагереев, Нұртілек Мизамбаев, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анаргүл Сариева оқушыларға оқу құралдарын салтанатты жағдайда табыс етті.
Асқар Құсайынов
Жәнібек ауданы