Бүгін, Ақсайда Республика күні мерекесін тойлау аудандағы басты туды көтерумен басталды. Осылайша, Ғ.Жәңгіров атындағы саябақта тұғыры биік көк ту желбіреді.
Шараға Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, қала тұрғындары мен жастар арнайы қатысты.
Ту көтерілген сәтте саябаққа жиналған жұртшылық Мемлекеттік Гимнді тебірене шырқады.
Айта кетейік, жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын ашылған тутұғыры барша бөрліліктердің мақтанышына айналды.
Ұлттық мерекені тойлауға келген ақсайлықтар «Шеберлер қалашығы» жәрмеңкесін қызықтады. Онда аудан шеберлері тәтті бәліштер, қол өнер бұйымдарын, тұрмыстық заттар, кәдесыйлар қойды.
Ал, мерекелік шара облысқа және республикаға танымал аудан әншілерінің отаншылдыққа шақыратын әндерді шырқаумен жалғасты. Концерт Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Қолдарына көк Туды желбіреткен Ақсай жұртшылығы айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Саябаққа жиналған қала халқына ыссы бауырсақ, шәй мен көже тігін таратылды.
Мерекені жоғары деңгейде тойлауға автошерушілерде өз үлестерін қосты. Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябақтан басталған шеру қаланың орталық көшесі арқылы Қызылтал ауылындағы Бейбарыс Сұлтан көшесімен жүріп өтті. Кейін өндірістік аймаққа барып, М.Ықсанов атындағы көше арқылы Аралтал шағынауданындағы Міржақып Дулатов, Алашорда көшелеріне барды. Одан соң, Пугачев ауылындағы басты Достық, Жеңіс көшелеріне барып, кейін Ақсайға қайта келіп, Әл-Фараби көшесі арқылы шаһардың оңтүстік көшелерімен өтіп, Абай даңғылынан аяқтады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара осылайша Мемлекеттік Туымызды көкке қалықтатты. Жанға қуат, бойға мақтаныш, асқақ рух сыйлады.
Ұлт азаттығының дидары, көк туымыз Ақсай шаһарының 5 шағынауданындағы 9 қабатты үйге ілінді. Мәңгілік елдің мызғымастығын аңғартатын бұл шарада төл мерекемізге үлес қосты.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz