Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ұйымдастыруымен алғаш рет «JAŃA QAZAQSTAN–BIZDIŃ BOLASHAǴYMYZ» атты жастардың патриоттық форумы өткізілді.
Аталмыш шараға ҚР Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімі басшылығы қатысты.
Студенттер мен жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, мәдени-ағартушылық байланыстарды дамыту бағыттарындағы өзара іс- әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ҚР Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жас ұрпақтың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тартуға бағытталған іс шарада 5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны 1 ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Данияр Құспанғалиев сөз сөйледі.
- Әйгілі қолбасшы, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының "Отан үшін отқа түс күймейсің" деген аталы сөзін ұран етіп, әскери шеберлігін әлем мойындаған хас батырдың ұлтжандылығын үлгі етіп көрсете алды. Жастарға білім және ғылыммен қаруланып қана қоймай, тәуелсіз Отанымызды қорғау керек, - деді Данияр Құспанғалиев.
Жастардың рухын оятып, жалынын лаулатқан форум аясында патриоттық әндер шырқалып, қойылым көрсетілді.
Ертуған Әубәкір,
капитан