8.01.2024, 16:30
Оқылды: 76

Халық қалаулылары Теректіге келді

Теректі ауданына Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева, облыстық мәслихат депутаты Сержан Идиятов, «Ақжол» партиясы атынан мәжіліс депутаты атанған Асқар Садықов келді.

image-08-01-24-03-40-11

Алдымен жұмыс тобы «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген теректілік Виталий Пустовоймен танысты.

image-08-01-24-03-40-12

Теректі ауылында туып-өскен Виталий Викторовичтің автокөлік жөндеумен айналысқанына 14 жыл болыпты. Ол 4 миллион теңге несие алып 4 тонна жүк көтеруге қабілетті қондырғы сатып алған. Жеңіл автокөлік өз алдына, жүк таситын «Газельді» де көтере алады екен.

- Менің шеберханам - ауылдағы жалғыз автокөлік жөндеу орны. Жұмысыма сұраныс көп. Күн сайын 3-4 жеңіл автокөлік жөндеп шығарамыз. Қасымда әзірге бір адам көмекші. Алдағы уақытта ісімді кеңейту, жұмысшы алу ойымда бар. Жұмысқа жастарды тартқым келеді. Автокөлік жөндегісі келетін, қызығушылығы бар жастарға білгенімді үйретсем деймін, - дейді Виталий Викторович.

image-08-01-24-03-40-8

Жұмыс тобы одан әрі «Қазына» коворкинг орталығында кітапхана жұмысымен танысып, әрі қарай жастармен жүздесті.

Жиынға қатысушылармен еркін диалог құрған меймандар жастарды тыңдауды құп көрді. Жиналғандар жұмысқа орналасу, мемлекеттік грантты иелену сынды өзекті мәселелерді көтерді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиев ресурс жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын қозғады. Мардымсыз жалақыға маман тұрақтамайтынын айтқан бөлім басшысы арнайы жастарға арналған грант талаптарын қайта қарауды да ұсынды. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Әділет Орынбасаров газет бетінде бірнеше рет жарық көрген, десе де шешімін таппай келе жатқан бұралқы ит жайында сауал жолдады. Қоғамдық орындарда, көше бойында толып жүрген иттерге амал қылуды сұрады.

image-08-01-24-03-40-1

Бұл жөнінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева ит ұстау тәртібін толық түсіндіріп берді. Сондай-ақ қоғамның бүгінгі дерті – құмар ойындарының жарнамаларын тоқтату қажеттігін де тілге тиек етті.

image-08-01-24-03-40-23

Жиын одан әрі жеке қоғамдық қабылдауға ұласты.

image-08-01-24-03-40-18

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале