Осыдан екі ай бұрын әскер қатарына алынған жас сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды. Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде жас сарбаздарға жауынгерлік қару табыстау іс-шарасы өтті.
Өткізілген шараға әскери бөлім офицерлері, әскери бөлім ардагерлері сонымен қатар бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған 5517 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Марат Абдрахманов:
- Құрметті жас сарбаздар, күні кеше ғана ант қабылдап бүгін міне қолдарыңа жауынгерлік қару ұстағалы тұрсыңдар. Барлықтарың білетіндей Ұлттық ұлан әскері ең алдымен азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз ететін, сондай-ақ ел тыныштығының күзетіндегі әскер екендігін естен шығармағандарың жөн. Алдағы уақытта сіздер өздеріңізге бекітілген қарумен анттарыңызға адал болып жауынгерлік қызмет атқаратын боласыздар. Ел тыныштығы мен өркендеуі сіздердің қолдарыңызда. Сіздерге алдағы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін. Қолдарыңызға берілген қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында қолдануларыңызға тілектеспін деп, - өз сөзін қортындылады.
Жас сарбаздарға жауынгерлік қаруды табыстау шарасы аяқталған соң, қарудың атауы мен нөмірлері және де берілген күні отан қорғаушылардың әскери билеттеріне жазылды. Алдағы уақытта сарбаздар Орал қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, қала көшелері мен қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде күзету қызметін атқаратын болады.
ҚР ҰҰ «Батыс» ӨңҚ баспасөз қызметі