Кеше "Жастар" стадионында "Намыс" жастар қоғамдық бірлестігі мен Мереке ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен "Салбурын – 2023" тазылар сайысына арналған Тасқала аудандық ашық біріншілік өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нарыков және “Намыс” жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Жанарбекқызы қатысты. Алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиеваға беріліп өзінің жылы лебізін білдірді.
"Құрметті жерлестер және жарысқа қатысушылар бүгінгі сайысқа қош келдіңіздер. Осындай ұлттық дәстүрлі спорт түрін дәріптеп осы күнге дейін жеткізіп отырғандарыңызға алғыс білдіремін. Ата бабамыздан келе жатырған спорт түрі ары қарай дами берсін деймін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Осы шараны ұйымдастырып жатқандардың барлығына алғысымызды айтамыз. Ауданымызда бұндай шаралар кеңінен таралып, көбірек бола берсін" - деді аудан әкімінің орынбасары.
Әрі қарай дәстүрлі түрде жылма-жыл ұйымдастырылып келе жатқан сайысқа 25 тазы қатысып өз өнерлерін көрсетті.
Сайыс тартысты өтіп, нәтижесінде I орынды Ақжайық ауданынан келген Камешев Асхаттың "Лашын" тазысы өз еншісіне байласа, ІІ орынды бәйтеректік Ихсанов Асқарбектің "Сартай" атты тазысы алды. Ал ІІІ орынды тасқалалық Арон Дауреннің “Боран” тазысына бұйырды. Дәстүрді жаңғырту бағытында осындай шаралар әліде өткізілетін болады.
Назерке Шайхолла,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz