23.01.2024, 11:15
Оқылды: 63

Көпқабатты үйге көгілдір отын керек

Орал қаласы әкімдігінің назарына!

Жуырда Оралға қарасты Зашаған кентінде Ақан сері, 45/1 мекенжайында орналасқан 9 қабатты 144 пәтерлік үйдің тұрғындары «Орал өңірі» газеті редакциясының тілшісіне хабарласты. Олар былтыр  желтоқсан айының соңғы аптасында пайдалануға берілген үйге әлі күнге газ жетпегенін, жеделсатының жұмыс істемей тұрғанын айтты. Сенбіде тұрғындармен кездесіп, осы мәселенің мән-жайына қанықтық.

IMG_9672

– Мен мұнда былтыр желтоқсанның 27-сінде көшіп келдім. Бұл тұрғын үй мұқтаж жандарға берілді. Мәселен, мен ерекше бала тәрбиелеп отырмын. Бесінші қабатта тұрамын. Жеделсаты болмағандықтан, баламды далаға шығару қиын. Жақында ғана тұрғын үй шаруашылығы бөлімінен келген маман біздің подъездегі лифтіні қосып, жүргізіп көрді. Бірақ «Әлі ақау бар, әзірше іске қоспаймыз» деп кетті. Жеделсатыны іске қосу үшін келісімшартқаотырдық. Үйге табиғи газды да жеткізген  жоқ. Тамақты плиткаға пісіріп отырмын. Бұл үйге осындай мұқтаж жандардың қоныстанатынын білген соң, баспананы толықтай дайындап бермей ме? – деді екінші подъездің тұрғыны Индира.

IMG_9621

«Үйдің ішіне балконның есіктерезесінен жел есіп тұрады» деген азамат Естай Жақсымбетов (суретте) пәтеріне алып барды. Алтыншы қабаттағы пәтердің кілтін былтыр желтоқсанның 27-сінде алған екен. «Үйге «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қол жеткіздік. Баспанамыз жылы, жарық. Алайда есік-терезелері дұрыс қымталмаған. Балконның есігінен жел гулеп, үйдің ішінде «ысқырып» тұрады. Келіп кеткен мамандардың лифтіні қосамыз дегендеріне де бірталай уақыт өтті. Үйдің қасына қоқыс төгетін жәшіктер орнатылған жоқ. Көгілдір отын болмаған соң, жаңа баспанамызға әлі көшіп келген жоқпыз», – деді Естай Жақсымбетов.

IMG_9660

Тұрғындар үйдің жертөлесін де көрсетті. Екі аптадай бұрын төртінші подъездің жертөлесін су басыпты. Ол су үшінші подъездің жертөлесіне дейін жеткен. Біз барғанда «Болашақ-Т» ЖШС жұмысшылары суды сорып, жертөлені құрғатып жатыр екен. Сол жерде бұл мәселеге аталмыш компанияның өкілі Данияр Қайыпбаев жауап берді.

WhatsApp Image 2024-01-21 at 15.53.24

– Біздің компания бұл үйдің құрылысын 2021 жылы бастап, 2022 жылы тапсырыс берушіге өткізді. Алайда үй тұрғындарға берілмей, жыл жарымдай бос тұрды. Тұрғындар кәріз жүйесіне (унитазға) қалдықтар салып, құбырды бітеп тастаған. Тұрмыстық қалдық су ағатын кәріз құбырының түтігіндегі бекітпе (заглушка) соның салдарынан ашылып кетіп, су жертөлеге құйылған. Құбырды тазалаған кезде баланың жөргегі, пакетке салынған тамақ қалдықтары шықты. Үйді тапсырғанда құбырда ақау болған жоқ. Жертөле құрғақ болды. Кәріз құбыры тазартылып, су тоқтатылды. Енді жертөлені құрғатып, тазалап береміз. Негізі, кәріз құбырынан аққан суды тазалауға міндетті емеспіз. Бұл – жеке пәтер иелері кооперативінің жұмысы. Тұрғындардан унитазға ештеңе салмауларын сұраймыз, – деді компания өкілі. Тек төртінші подъездің жертөлесінде емес, бірінші подъездің де жертөлесінде су жиналған екен. Бұл жөнінде тұрғындар компания өкілінен: «Бұл подъезде ешқандай құбыр бітелген жоқ. Сонда бұл қайдағы су?», – деп сұрады. Оған компания өкілі: «Бұл өткенде жауған жаңбырдың суы шығар», – деп екіұшты жауап қатты. Жаңа баспананың тұрғындары жақын күндері тілектері орындалып, алаңсыз тірлік кешуді асыға күтіп жүр.

IMG_9590

Үй мәселесіне қатысты Орал қаласы әкімдігіне хабарласқан едік. Біздің сауалымызға шаһар әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Данияр Оспан жауап берді:

Данияр

– Бұл үйдің құрылысы 2021 жылы басталып, 2022 жылы пайдалануға берілген. Тапсырыс беруші – Орал қаласының құрылыс бөлімі. Мердігер компания – «Болашақ-Т» ЖШС. Тұрғындар баспананы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алған. Жеделсатыны қосу үшін тұрғындар техникалық қызмет көрсететін компаниямен келісімшартқа отырулары керек. Қазір «Сервисный центр «Лифт» ЖШС тұрғындармен келісімшартқа отыру жөнінде жұмысты қолға алған. Құрылыс бөлімі қызмет көрсететін компанияға тұрғындармен келісімшарт жасасып, жақын арада жеделсатыны іске қосуға тапсырма берген. Бұл мәселе көп ұзамай оңтайлы шешілуі тиіс. Мердігер компания – «Ремстрой» ЖШС үйдің айналасындағы абаттандыру жұмысын толық аяқтамаған. Осы жұмыс барысында қоқыс жәшіктерін де орнатуы керек. Құрылыс бөлімі мердігерге бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды, – деді Данияр Оспан.

Бұл түйткіл жөнінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ БҚӨФ баспасөз қызметі мынадай мәлімет ұсынды:

 «Зашаған кентіндегі Ақан сері көшесі, 45/1 мекенжайында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайтын мердігер ұйым «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалына атқарушылық-техникалық құжаттаманы ұсынған жоқ. Сонымен қоса, газ құбырларына техникалық қызмет көрсету шарттары тапсырылуы қажет. ҚР Ішкі істер министрінің «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы» 2017 жылғы 9 қазандағы №673 бұйрығы бар. Тұрғын үйге көгілдір отын атқарушылық-техникалық құжаттама қаралғаннан кейін және атап өткен бұйрықтың «Газ қауіпті жұмыстар» деген 5-бөлімінің 443-пунктіне сәйкес, үйдегі пәтерлердің жалпы санының кемінде 80%-ына тұрғындар орналасқанда  жүргізіледі».

Ясипа Рахимқызы,

 «Орал өңірі»

Фото: М.Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале