Дүниежүзілік сайлау күніне орай Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері білім ұяларында болып, оқушылар мен педагогтармен кездесті.
Нақтылап айтқанда, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Нығметов Переметный орта мектебінде болса, комиссия мүшелері Н.Дүзбатыр, Т.Дощанов Қ.Аманжолов атындағы орта мектебіне, Бәйтерек колледжіне, ал №182 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы А.Мұхитдинова Бәйтерек колледжінің Рубежин ауылындағы бөлімшесіне барды.
Кездесу барысында спикерлер Дүниежүзілік сайлау күнінің тарихына, мән-маңызына тоқталды. Болашақ жас сайлаушылармен әңгімеде сайлау үдерісіндегі жаңалықтар, демократиялық құндылықтар жайы сөз болды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның сайлау тарихы, сайлаудың маңыздылығы мен қоғамдағы негізгі миссиясы туралы арнайы бейнероликтер ұсынылды.
Пікір алмасу түрінде өткен басқосу соңында жиналғандар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оларға тиісінше жауаптар алды.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz