Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі. Биыл бұл күн ақпан айының бірінші жұлдызына тұспа-тұс келіп отыр.
Дүниежүзілік сайлау күніне орай Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері Подстепный ауылдық округінде орналасқан «Теректі» колледжі студенттерімен кездесті. Топ құрамында аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев, сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Аман Байғали, комиссия хатшысы Дамир Меңдібаев, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиев бар.
Колледж оқытушылары мен студенттеріне сайлаудың мән-маңызы турасында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бақытжанұлы баяндама жасады.
- Бұл күн азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге және сайлау процестерін жетілдіру проблемасына жұрт назарын аудару үшін арналған.
Сол сияқты әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы түсінікті кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сайлау – еркін таңдау. Өз еркінізбен қалаған кандидатыңызға дауыс бересіз. Әркімнің таңдауы маңызды, - деді А.Бисенғалиев.
Аудандық-аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Аман Байғалиұлы да жастарды мемлекеттік маңызы бар таңдау жасауда белсенділік танытуды сұрады.
- Кәмелет жасқа толып, алғаш рет сайлау құқығына ие болып отырған жастарға сайлаудан қалмаңыздар дегім келеді. Дауыс беру арқылы елдегі болатын өзгеріске таңдау жасайсыздар. Сондықтан ата-анаңыз бен достарыңызды да маңызды оқиғалардан тыс қалмауға шақырыңыздар. Қазіргі таңда округ әкімдерін өздеріңіз дауыс беру арқылы белгілеу құқықтарыңыз бар. Оған қоса аудан әкімін де таңдау құқығы беріліп жатыр. Бұл Президентіміздің халықпен ашықтықты ұстануы деп білемін. Сондықтан жастардан белсенділік күтеміз, - деді Аман Байғалиұлы.
Кездесу одан әрі Подстепный ауылдық округіндегі мәдениет үйінде жалғасты. Аудандық-аумақтық сайлау комиссия мүшелері әр учаскедегі комиссия құрамын жинап, сайлау күні жайында, алдағы жоспарлар төңірегінде жиын өткізді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz