Қазақстандық, әлемнің 338-ракеткасы Дмитрий Попко АҚШ-тағы Палм-Коуст ITF турнирінің чемпионы болды.
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы жазды.
Фото: ktf.kz
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 649-орында тұрған эквадорлық Андрес Андрадемен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда А.Андраде 4:2 есебімен алға кетті. Дегенмен Попко таразы басын теңестіріп қана қоймай, басымдылық танытты – 7:5.
Екінші сетте Андраде бет қаратпады – 6:1.
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық спортшы тағы бір брейк жасай алды. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.
Тартысты өткен финалдық матч 2 сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Осылайша, Дмитрий Попко АҚШ-тың Флорида штатында екінші рет қатарынан ITF жарысының жеңімпазы атанды.