Он екі айдың сұлтаны – Рамазанның келгенін хабарлайтын және халықты жақсылыққа, ізгілікке шақыратын жарапазан айтуды Сарыөмір ауылының жастары жандандырды.
Наурыз тойының бастамасы – Көрісу күні Хамза Есенжанов атындағы орта мектептің жас ұстаздары ауылымыздың ақсақалы, қонағын құтқа балайтын Мақсот Биғазиев атамызға көрісіп, жарапазан айтып қайтты.
Амал күнін әдемі амалмен өрнектеген жастар ауыл әкімшілігі, ауылдық амбулатория, мәдениет үйі, «Өркен» балабақша ұжымынада ән әуелете кіріп, құшақтасып көрісті. Олар да ауыл жастарын мерекелік дастархан басына шақырып, жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы, Сарыөмір ауылы тұрғындары Наурыз мерекесіне, Рамазан айына ізгі ниетпен келді. Ең мықтысы - ауылымыздың имамы Досым Нұрымұлы мұсылмандарды 30 күн оразада арақ-шарап ішпеуге шақырды. Азық-түлік дүкенін ұстайтын кәсіпкерлердің айтуынша, бұл бастама қолдау тапқан.
Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Сол сауаптан жазылсын деп жүрген кең жүректі азаматтарымыз ауылымызға үлгі көрсетті. Мәселен, ауылдан облыс орталығына жолаушы тасымалдайтын әлеуметтік маршрутпен аптаның әр жұмасында тегін жетуге болады. Бұл – Райымбек Ақасовтың игі ісі. Ал «Нәбия» дүкенінен жұма күні нанды 100 теңгеге аламыз. Наннын тең жарты ақысын Зәру Ержанқызы өз қалтасынан төлейді. Кәсібі шаштараз Зәру Ержанқызы «әр жұма сайын балалар мен студенттердің шашын тегін қиып беремін» деді. Одан Ару Ержанқызы да қалыспай, «уақ-түйек тігін қызметін әр жұмада тегін жасаймын» деп хабарлады. Жұма бізде әр жылғы құрдастар жиналып, ауызашар береміз деп сөз байласты.
Бұл игілікті істер ораза айының соңына дейін өз жалғасын таппақ.
Осындай қайырымды істерге риза болған тұрғындар “жастан жасқа аман жетейік”, “ниет қабыл болсын” деген тілек айтуда.
Аида Есенаманқызы,
Теректі ауданы
Сарыөмір ауылы