4.07.2024, 17:17
Оқылды: 173

Медициналық пойыз Переметный ауылына келді

Ауылдағы ағайынға медициналық, заңгердік көмек көрсетуді мақсат тұтқан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылына келді.

пойыз1

Пойызды қарсы алу шарасына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аудан әкімі Марат Тоқжанов, медицина саласы мамандары, қоғамдық ұйым және жұртшылық өкілдері қатысты.

– Ел үшін маңызды медициналық және әлеуметтік жобалардың бірі болып саналатын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы биыл да облысымызға келгеніне қуаныштымыз. Осы жолы да өңіріміздегі бес ауданындағы тоғыз елді мекенде болады. Переметныйға дейін пойыз облысымызыдың үш елді мекеніне аялдап, 2 мыңға жуық тұрғынға медициналық көмек берілді. Бұл жоба аясында дәрігерлер де өзара тәжірибе алмасып, әсіресе жергілікті жерлердегі медицина қызметкерлерінің пойыздағы еліміздің маңдайалды әріптестерімен пікірлесіп, шеберліктерін шыңдайды деп ойлаймыз, - деген Бақытжан Хаберұлы аталмыш пойыздың медициналық ұжымына облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

пойыз 3

Өз кезегінде сөз алған пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, пойызда педиатр, стоматолог, кардиолог, лор, уролог сынды 25 маман бар. Түрлі анализдерге арналған лабораториялық қызметтер де көрсетіледі. Тегін түрде алынатын анализдердің қорытындысы 40-50 минут ішінде дайын болады. Дәрігердің бәрі ауыл тұрғындарына тегін ем-дом шараларын жүргізеді. Тұрғындардың МӘМС-те бар жоғына қарамайды.

«Биылдан бастап үйде жатқан науқастарды қарау қызметі енгізілді. Инсульт, инфакт, түрлі жарақаттардан соң үйінде тұра алмай жатқандар біздің дәрігерлерге қаралуға ниет білдірсе, арнайы бригада олардың үйіне барады, - деді Айнұр Құдайбергенқызы. – Сондай-ақ балабақшаға, мектепке баратын балаларды қарап, денсаулық паспортын да беруді де қолға алып жатырмыз. Себебі, мұндай құжатты алу үшін ауыл тұрғындары аудан орталығына барулары керек екен. Ауылдағы ағайын негізінен тіс, көз дәрігерлеріне, УЗИ, ренген маманына жазылады. Жоба басталған кезде ауыл тұрғындары психологқа кірмейтін, соңғы кезде оның қабылдауында болғысы келетіндер аз емес».

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен, Денсаулық сақтау министрлі мен «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба ауыл тұрғындарының көңілінен шығуда. Солардың бірі – Бәйтерек ауданына қарасты Атамекен ауылынан келген Дариға Иманқұлова. Соңғы жылдан бері осынау пойызды асыға күтетінін жеткізген ол бұл жолы хирургтың қабылдауында болған. Соңғы кезде кеуде қуысы мазалап жүр. Дәрігер қарап, компьютерлік томографияға жолдама беріп, тиісті ем-дом жүргізуге кеңес берген. Жалпы медициналық пойыз мамандарының білім-біліктілігіне, сыпайылығына риза.

пойыз

Былтырдан бастап аталмыш пойызда заңгер мен медиатор да қызмет көрсетіп келеді. Былтырғы сапар нәтижесі көрсеткендей, осынау қызметтерге де ауыл тұрғындары тарапынан қызығушылық зор. Себебі, заңгерлік қызметке ақы жоғары. Ал мұнд ондай қызмет тегін. Пойыздағы заңгер Айшат Уәлиоллақызының сөзіне қарағанда олар тек кеңес беріп қоймай, қажетті мемлекеттік құрылымдарға өтініш-арыздарды жазуға да көмектеседі.

Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» пойызы Переметный вокзалында 4-5 шілде аралығында тұрады.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале