3.09.2024, 16:30
Оқылды: 15

Жаңа технологияны тізгіндеген Аманат

Осыдан біраз жыл бұрын Бөрлі ауданы айнасының басты бетінде "Жалбарынып жаңбыр сұрағанша, технологияның тілін меңгерейік" деп мақала жазған едік. Оның жазылғанына да 3-4 жылдың жүзі болды. Одан бері бөрлілік шаруалар талай-талай шаруаның басын қайырып, тың технологияларды енгізу үшін әрекеттер жасады. Соның нәтижесі ретінде "Аманат" шаруа қожалығы егін шаруашылығына пайдаланып отырған "Zimmatik" деп аталатын құрылғыны атап өтуге болады. Көктемде Пугачев ауылындағы жүгері алқабының басында қалқиып көрінгеннен бастап, шаруа қожалығының иесі Бақыт ағамыздың телефонын тердік. Бақыт ағам: "Жаңбырлатып суаратын құрылғы келгенімен жұмыстар енді басталып жатыр. Қалқиған құрылғы болса да жерде жайқалған өнім болмағасын оның несі қызық, ең болмағанда жүгерінің сабағы көтерілсін сәл сабыр қылайық" деп күттіріп қойған. Содан тамыздың басында телефонымызды толғатып: "Ал жүгерінің сабағы көтерілді. Мынау "Zimmatik" құрығыр бір дамыл таппай зыр жүгіріп жүгеріні суарып жүр. Тез келе қал" дегесін фотоаппаратымызды құшақтап ұштық келіп. Сөйтіп технологияның тілін меңгеріп, тыңнан түрен салып отырған "Аманат" шаруа қожалығының иесі Бақыт Далабаевпен әңгімелесудің реті түсті.

WhatsApp Image 2024-09-02 at 09.43.22 (1)

- Жаңа технологияны пайдалану өнімнің артуының басты кепілі. Біз биылғы жылы «Zimmatik» деп аталатын американың құрылғысын алдық. Бұл мемелекеттің шаруаларды қолдауының арқасында алынғанын атап өткен жөн. Жаңбырлатып суару технологиясы үшін арнайы жасалған «Zimmatik» құрылғысының ақшасы шаруалар үшін қалтаға ауыр түсетіні анық. Біздер құрылғыға арнайы мелекеттік бағдарлама негізінде қол жеткіздік. Бұл бағдарлама алдыңғы жылы Петропавлда өткен болатын. Биыл біздің Батыс Қазақстан облысына келді. Конкурсқа қатысып, жасап жатырған жұмысымыздың нәтижесін көрсетіп, қажеттігін дәлелдеу арқылы жеңіп шықтық. Құрылғының жалпы құны 150 млн. теңгеге шықты, - дейді Бақыт мырза.

Технология дегеніміз әрине жақсы-ақ. Дегенмен оны меңгерген маман, тілін түсінетін адам ауадай қажет. «Zimmаtik» дегесін бұл құрылғының басқарылуы қалай деп айналаға сұрау салып көрдік. Интернет құрығырдың өзі қазақша ақпарат ұсына алмады. Сөйтсек мұның тілі біздің ыңғайға әлі келмепті. Құрылғының басқаруылуы, бақылануы, жұмысы туралы сауалды Бақыт ағамызға жолдадық.

WhatsApp Image 2024-09-02 at 09.43.23

- Құрылғының өзінің метео стациясы бар. Яғни құрылғы өзі жердегі ылғал деңгейін анықтап отырады. Суды қажетті жерлерге шашады. Ылғалы мол жерлерде су шашуды азайтып, керісінше ылғалы аз жерлерге молынан су шашады. Егістік құрылғының толық бақылауында. Телефондағы арнайы көмекші қосымша арқылы құрылғының жұмыс барысын толық қарап отыруға мүмкіндік бар. Құрылғыны мамандар өздері әкеліп орнатты. Олар да құрылғының қалыпты жұмыс істеуін бақылап, қашықтан қарап отырады. Егер қандай да бір ақау болса, дереу келіп өздері тексеру жүргізеді. Алайда құрылғымыз жаңа болғандықтан әзріге ондай жағдай орын алмайтынына сенім мол, - дейді шаруашылық иесі.

Жаңбырлатып суару әдісі алдымен өнімнің мол болуына бірден бір кепіл екені сөзсіз. Сонымен қатар «Zimmatik» құрылғысы суды қай жерге қалай құю керектігін өзі реттеп отырады екен. Мысалы суару кезінде ылғалы мол жерлерге аздап шашады да, керісінше ылғалы аздау жерлерге суды мол шашады. Осылайша озықтығының арқасында суға үнем жасайды. Сонымен қатар өнімге қанша су қажеттігіне дейін біліп отыратын көрінеді. Сол себепті шаруашылық басшысы биылғы жылы өнімді көбірек аламыз деген жоспар барын айтты. Өйткені жылдағыдай егін салып, жаңбыр қалай болады деп отырмай, жаңа технологияны пайдаланып отырған алқап өнімді болуы қажеттігін алға тартады.

- Құрылғыға суды Шыңғырлау өзенінен алып отырмыз. «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясынан рұқсат алдық. Сонымен қатар құрылғы тек ылғалдың деңгейін емес, өсімдікке қажетті минералдарды, тыңайтқыштарды бақылай алады. Сол арқылы қажетті дәрумендерді уақытылы беріп, оқыс жағдайлардың алдын алуға мүмкіндігіміз болады. Құрылғы 80га жерді 28 сағатта айналып шығады. Демек егістік алқабы күнде суарылады деген сөз. Соған сай өнім де мол болады деген үміт көп. Құрылғы жұмыс күшімен салыстырғанда аса тиімді. Алдымен ол уақытты үнемдейді. Өйткені «Zimmatik» уақытпен санаспай күндіз-түні тынымсыз жұмыс жасайды. Соған байланысты жүгерінің жағдайы, ылғалы күні бойы бақылауда болады. Қол күшімен суарып немесе бақылау арқылы олай жұмыс жасай алмаймыз. Мысалы біздер жылда жүгері егеміз, бірақ оны суармай тек жаңбыр жауғанын күтіп жүреміз. Егер жаз жаңбырсыз болса, өніміміз де мардымсыз болады деген сөз. Ол жерде өнімнің аз немесе көп болуы жауын-шашын мөлшеріне тікелей байланысты еді. Ал құрылғының арқасында ондай тәуекелге бара бермейміз. Өнімнің қаншалықты болатынын алдын-ала болжап шамалап отырамыз. Биылғы жылы жүгерінің гектарынан 250 центнер өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Өнімді сатуға шығармаймыз. Негізгі қоры өзіміздің сүтті сиырларға жиналатын болады. Өйткені мұндай шырынды қоректер сүтті сиырларға аса қажет дәрумендерге бай, - дейді Бақыт Далабаев.

WhatsApp Image 2024-09-02 at 09.43.22

Ақпарат айдынында түрлі ақпарат алдағы жылдары жаңбырдың жауу көлемі азаятынын алға тартады. qaz365.kz сайтының мәліметіне сүйенсек дүниежүзі метеорологиялық ұйымы ғаламдық жылыну алдағы онжылдықтарда да жалғасатынын, климат өзгерісінің салдарынан мұздықтардың көп бөлігінен айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтып дабыл қаққанын айтады. Алдағы уақытта жаһандық құбылыстың әсерінен қуаңшылық болатынын алға арттырады. Осыған байланысты шаруаның жөнін білетін қожалық иесі алдағы уақытта да "Zimmatik" секілді технологияның қатарын көбейткісі келетінін айтады.

- Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды жандандырып жаңа технологияны көбейтсек деген ойымыз бар. Өйткені жыл өткен сайын табиғат өзгеріп жатыр. Жаңбыр бұрынғыдай көп мөлшерде жаумайды. Сонымен қатар ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да үнемі қай салада болмасын жаңа технологияны меңгеруді айтып отырады. Біріншіден мұның барлығы біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Сонымен қатар егістік алқаптарындағы өнімнің мол болуына кепіл болдады. Қазіргі таңда барлық салада кәсіпкерлерді қолдау үшін түрлі бағдарламалар жасап жатыр. Соның ішінде ауыл шауашылығы саласындағы бағдарламалар өзінің толық жемісін беріп жатыр деп айта аламын. Қазіргі таңда «Аманат» шаруа қожалығында жұмыс қызу үстінде. Оның ішінде қысқа дайындық жұмысы бір демде атқарылуда. Алдағы уақытта мал басын көбейтуді ойлап  отырмыз. Қазан айының соңына қарай тағы да сүтті сиырлар аламыз деген жоспарымыз бар. Бүгінгі күні штатта 16 қызметкер бар. Тағы екі адам онлайн жұмыс жасап жатыр, - дейді шаруашылық иесі.

Технологияны меңгеру шауалардың шаш етектен келетін жұмысына жеңілдік болмақ. "Аманат" шаруа қожалығы технологияның жемісін көреміз деп қуанып отыр. Алдағы уақытта да ауданда жаңа технологияның тілін меңгеріп, санын артыратын шауалар көп болса екен деген үміт бар...

Мейрамбек Сыдықов, 

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале