6.11.2024, 16:15
Оқылды: 77

Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев бостандыққа шықты

Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев бостандыққа шықты. Ол 2016 жылы аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен 11 жылға сотталған болатын.

fc715fcf-49dd-4b45-90ce-8a2c75094e3f

Сурет uralskweek.kz сайтынан алынды / Авторы: Рауль Упоров

Теректінің экс-әкімі Жеңіс Серікқалиев бостандыққа мерзімінен бұрын шыққан. Ол Орал қалалық сотына денсаулығына байланысты жазаны шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген.

Судья М.Шукиров өтінішті қарап, қанағаттандырған.

– Жеңіс Серікқалиев 2016 жылдың 1 қыркүйегінде аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 11 жылға сотталды. Оның жазасы 2027 жылы наурыз айының 14-і күні аяқталады. Мекеме әкімшілігі берген мінездемеге сай, сотталушы Серікқалиев жаза өтеу барысында тәртіп ережелерін сақтаған, мекемеде жұмысшы ретінде еңбек еткен, қосымша кәсіптік білім алған, оқу жүйесінің сабақтарына, тәрбиелік, мәдени-спорттық іс-шараларға, сотталғандардың ерікті ұйымдарына белсене қатысқан, 15 рет мадақтау алған, жазалау шарасы болмаған, яғни сотталған жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзбаған.

Бұдан басқа, 2024 жылғы 4 наурыздағы медициналық анықтамаға сәйкес, сотталған Серікқалиевтің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық емес. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 1 қыркүйектегі үкімімен 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілген ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын, - делінген Орал қалалық соты шығарған қаулыда.

Сот қаулысында Серікқалиевтің төрт баласы бар екені жазылған. Теректі ауданының бұрынғы әкімі бостандыққа негізі 2027 жылы шығу керек болатын. Бірақ Орал қалалық сотының шешімімен ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Жеңіс Серікқалиев  Теректі ауданын 2013-2016 жылдары басқарды. Ол 2016 жылдың мамыр айында әйел адамды өлтірмекші болды деген күдікпен қамауға алынды.

Онымен бірге Теректі ауданының тұрғын үй шаруашылығы бөлімін басқарған Арман Қожамұратов және көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов қамалған болатын.

Ақпан айында белгісіз біреу Кристина есімді әйелге пышақ жарақатын салады. Әйел кейін есін жиып өзіне пышақ салғанды танып, полицияға айтып берген. Сол 2016 жылы Жеңіс Серікқалиев пен Арман Қожамұратов ұйымдасқан қылмыс жасады деген айыппен 11 жылға, ал көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов 10 жылға соталған еді.

Сотта Жеңіс Серікқалиев өзінің нақсүйерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған болатын.

Айта кетейік, Серікқалевті мерзімінен бұрын босату туралы қаулыны Орал қалалық соты 11 сәуір күні шығарған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале