Теректі ауданында жайдарман ойындары көрерменнің жанарын жаулады. Бірнеше жыл тұралап қалған жайдарман жаңа тынысын алып, жастар бір ортаға жиналды. Енді теректілік жастар бос уақытын жайдарманмен тиімді өткізеді.
Айтпағымыз сахнада жалындап тұрған жастардың ой өрісі бізді де тамсандырды. Әсіресе «Белесимо» командасының капитаны Еркенже Әлібекұлының сөз саптауы, сахна мәдениетін меңгергені, өзіндік көзқарасы байқалды. Онымен пікірлесу барысында аудандық «Теректі жаңалығын» оқитынын түсіндік.
– Газетті жиі оқып тұрамын. Дайындық барысында қоғамда қандай өзекті мәселелер болып жатқанын, аудандағы әртүрлі жаңалықтарды «Теректі жаңалығынан» білдік. Менің ойымша, жайдарман – ақыл-ойдың бәсекесі. Әзіл жазу да оңай дүние емес. Ол үшін ойдың қабілеті керек-ақ. Газет оқу арқылы қиялды дамытып, жан-жақты боламыз, - деді топ капитаны.
Айта кету керек, «Белесимо» командасы жоғары деңгейде ойын көрсетіп, 1/4-ке жолдама алды. Ал Еркенже болса 1/8-дің «Үздік ойыншы» аталымына ие болды. Газет оқудың арқасында түрлі жетістіктерге жету қандай ғанибет!
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы